Құқықтық мемлекет саналы адам қалыптастыруы керек

Кәмелетке толмағандардың арасында әртүрлі қылмыстың терең тамырлануы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта қоғамға саналы адам қалыптастыру мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болмақ.

Осы мақсатта сәрсенбі күні М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен жиынға мектеп директорлары мен олардың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Комиссия отырысында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Бақытұлы күн тәртібіндегі негізгі мәселе – кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты құрылған мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы есеп берді.
– Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мектептерде 13 факультативті сабақтар өткізілді. Бала тәрбиесіне қатысты 42 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Барлық білім беру ұйымдарында аптасына 1 рет сынып сағаттары өткізіліп, құқық бұзушылықтардың орын алуына жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ бірінші тоқсанның қорытындысымен полиция бөлімінің есебіне 2 оқушы, мектепішілік есепке 31 оқушы алынған. 2 жайсыз отбасында 6 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленеді. Аудан бойынша өгей ата-аналармен бірге тұратын 115 баланың тізімі жасақталып, ай сайын 81 өгей әкемен бірге тұратын 87 бала және 33 өгей анамен бірге тұратын 28 балаға қатысты өгей ата-ана тарапынан зорлық-зомбылық бар немесе жоқтығын анықтау мақсатында тоқсанына 1 рет жасырын сауалнама алынып, нәтижелері зерделеніп, ювеналды полиция мен мектеп әкімшілігі тарапынан ата-аналарына түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізілді. Зерделеу нәтижесінде өгей ата-аналар тарапынан зорлық-зомбылық көрген, қысымға ұшыраған балалар анықталған жоқ. Өгей ата-аналармен бірге тұратын және ата-аналарынан бөлек тұратын балалардың отбасыларының тұрмыстық жағдайы айына 1 рет зерделеніп, оқушылармен жеке сөйлесу жоспарлы түрде жүргізілді. Аудандық білім бөлімі және ауылдық округ әкімдіктерімен бірге үйлерді аралау арқылы өздерінің ата-аналарынан бөлек тұратын жасөспірімдерді, жайсыз отбасына жататын жанұяларды анықтап, оларды есепке алу және профилактикалық жұмыстар атқарылуда, – деген Қуаныш Бақытұлы қорғаншылық қамқоршылықтағы және патронаттық тәрбиедегі балалармен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін баяндады.
Сонымен қатар комиссия мүшелерімен, құрылған 5 мобильдік топпен жүргізетін іс-шаралар жоспарына тоқталды. Жиынды қорытындылаған Олжас Елебекұлы «Мейірім» жобасы бойынша мекеме басшыларына балалардың есепшоттарына мүмкіндігінше кәсіпкерлерді тарта отырып, қаржы аударылуын, мобильдік топтың жұмысын жандандыруды, «Жомарт түлек» жобасы бойынша игі іс-шараларды өткізуді, қамқоршылықтағы балалар жәбір көрмес үшін тұрмыстық ахуалын бақылауда ұстауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.