«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жолында

Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Өңірдің дамуы жергілікті атқарушы билікпен қатар мәслихат депутаттарының қызметіне де байланысты. Олар халықтың арасында жүріп, қоғамның өзегінде қайнап жатқан өзекті мәселелерді көтереді. Себебі көппен жиі кездесіп, көкейлеріндегі өткір сауалдарына жауап беріп жүрген де, халықтың мұңын мәслихат мінберінен айтып, шешілуіне мұрындық болып жүрген де – депутаттар. Өткен аптада сегізінші шақырылған Жамбыл аудандық мәслихаты депутаттарының өз сайлаушыларын жеке сұрақтарымен қабылдауы басталды. Аудандық мәслихаттың депутаттары Алтай Стамқұлов, Шахан Байкенжеев, Эльмира Бегалиева, Бақытжан Наметула, Асхат Құндызбаев, Талап Әбдібеков Сұлутөр, Жалпақтөбе, Айшабибі, Бектөбе, Қаракемер, Бірлесу-Еңбек, Өрнек ауылдарының тұрғындарын қабылдап, талаптілектеріне құлақ түрді.

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Аудандық мәслихаттың депутаты Шахан Байкенжеев Сұлутөр ауылында жергілікті жұртты жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініштерін назарға алды. Ауыл тұрғындары Бақытжан Сейілғазиев Береке көше сінің бойындағы каналға көпір қажет екенін айтса, Нұрлан Байкенжеев елді мекендегі 9 көшеге қуаттылығы 160 кВт құрайтын трансформатор қойылса деген ұсынысын жеткізді. Ал Батуп Мамираев Мерей көшесінің бойындағы шағын футбол алаңшасын жаңартып беруін өтінсе, Ерболат Қуандықов ауылға кіреберіс жолдың тозығы жеткенін, күрделі жөндеуді қажет ететінін тілге тиек етті. Халық қалаулысы көтерілген мәселелерге бейжай қарамайтынын, оң шешім табуына ықпал жасайтынын айтты.

ЖАМАЛОВ КӨШЕСІ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Аудандық мәслихаттың депутаты Алтай Стамқұлов Жалпақтөбе ауылының тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, талаптілектерін тыңдады. Қабылдауда болған ауыл тұрғындары Мубара Аширова атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін айтса, Инаят Ералиева Жалпақтөбе көшесіндегі №14-үйдің тұсына аялдама орнату керектігін алға тартты. Ал Нұржан Қайыржан тозығы жеткен Жамалов көшесі қашан жөнделетінін сұрап білді. Тұрғындарды мұқият тыңдаған халық қалаулысы бірінші мәселе бойынша заң аясында толыққанды жауап берді. Ал аялдама мәселесі бойынша тиісті мекемеге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Жол мәселесі бойынша Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев сөз алып, жақын күндері аталған көшеде жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.

ЕЛГЕ ОРТАҚ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Алтай Әбдіжапарұлының қоғамдық қабылдауы Айшабибі ауылында жалғасты. Қабылдауға келген тұрғындар жеке бастың мәселесін емес, елге ортақ өзекті проблемаларды көтерді. Атап айтсақ, ауыл тұрғыны Жарқын Қалыбаев Асқаров, Ұлытау көшелерін жарықтандыру керектігін сөз етсе, Дархан Әшіров Жібек жолы көшесінен Айша бибі кесенесіне бұрылатын жерге бағдаршам қажет екендігін айтты. Ал Әзілхан Ермеков елді мекенге жаңа ауызсу мұнарасын салу керектігін жеткізсе, Рүстем Керуенов Абдуалиев көшесі қашан асфальтталатынын сұрап білді.

ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Бегалиеваның қоғамдық қабылдауы Бектөбе ауылында өтті. Негізі, бектөбелік тұрғындар талай жылдан бері жол мәселесін көтеріп келеді. Бұл жолы да қабылдауға келген азаматтар ойқы-шойқы жолдан әбден мезі болғандарын айтып, халық қалаулысынан осы мәселені шешіп беруін өтінді. «Елді мекендегі жолдың жайы маған жақсы таныс», – деген Эльмира Рүстемқызы әуелі ауылға таза ауызсу құбыры тартылу керектігін, одан кейін жолды жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.

БАЛАЛАРҒА ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ҚАЖЕТ

Аудандық мәслихаттың депутаты Асхат Құндызбаев Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініштілектерін тыңдады. Қабылдауда ауыл тұрғындары Гүлмира Сатыбалдиева «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспанаға мұқтаж, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға үй салып беру керектігін айтса, Перизат Оспанова мекеннен балаларға ойын алаңшасын салып беруге ықпал етуін өтінді. Ал Қайрат Амиров ауыл шетіндегі 1,5 гектар аумақты алып жатқан жиде талды отау керектігін тілге тиек етті. Ауылдықтардың базынасын тыңдаған Асхат Асқарұлы көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.

«Р-2» КАНАЛЫНА КӨПІР КЕРЕК

Аудандық мәслихаттың депутаты Талап Әбдібековтің қабылдауы Өрнек ауылында өтті. Қабылдауға келген тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О. Атыхаев «Р-2» каналына көпір қажет екенін алға тартса, ауыл тұрғыны Болат Жолдасбеков елді мекендегі спорт кешенінің құрылысы баяу жүріп жатқанын айтты. Тұрғындардың өтініш-тілегін қаперге алған депутат құзырлы мекемелерге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Қабылдауға аудандық мәслихат аппаратының басшысы Серік Спатов, бөлім басшысы Әділет Бөлегенов қатысып отырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.