Ерте заманнан жер мәселесі өзекті болды. Әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінде де солай. Айырмашылық, қазіргі кезде жер қатынастарына қатысты барлық мәселе тек заң шеңберінде ғана шешіледі. Оның үстіне замана көшіне ілесіп, бұл саланы цифрландыру үлкен маңызға ие. Ел-жұртқа жер беру, оны заңдастыру заң аясында жүргізілуі маңызды. Осыны назарға алған «AMANAT» партиясы халықтың жерге қатысты мәселелерін шешуге атсалысу үшін «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобаларын іске қосты. Қазіргі таңда сол бойынша жұмыс жасап жатыр.
Дүйсенбі күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов және аудандық мәслихаттың депутаты Талап Әбдібековпен бірге Тоғызтарау ауылына арнайы барып, жергілікті шаруа қожалық төрағаларымен кездесті. Шаруаларға «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары туралы сөз қозғап, мәнжайды тарқата түсіндірді. Игерілмей жатқан жерлерді тиімді пайдалану, мемлекеттік қорға жерді қайтару турасында айтып, былтыр 6036 гектар жер қайтарылғанын, биыл 9500 гектар жерді қайтару жоспарланғанын, шаруалар өз жерлерін барынша тиімді пайдалану, игерілмей жатқан жерлерді игеру керектігін, олай жасамаса, жер мемлекеттік қорға қайтарылатынын алға тартты. «Ауыл аманаты» жобасына енген үш ауылдық округтің бірі Тоғызтарау ауылдық округі болғандықтан, 76 азаматтың өтінішіне сәйкес несиелендіру бағыттарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл ретте партия тарапынан бақылау болатынын жеткізді. Шаруалар өз кезегінде иелігінде тұрған жерлерге қатысты сауалдарына тұщымды жауаптар алып, партия тарапынан қолға алынған жобалар ел игілігіне жарайтынына, қарапайым еңбек адамдарының қажетін өтейтініне сенім білдірді.