Ерен еңбек елеусіз қалмайды, еленеді. Ел игілігі үшін жасаған қызмет лайықты бағаланады. Тәуелсіз ел болып, мемлекетіміздің іргетасын қалап жатқан кезеңде аға буын аянбай еңбек етті. Жоғымызды түгендеп, еліміздің әлеуметтікэкономикалық дамуына сүбелі үлес қосты.
Өркені өскен Жамбыл өңірінің азаматтары да қиын-қыстау заманда ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін қалтқысыз қызмет етіп, қасиетті өлкенің экономикасын көтерді. Солардың бірі – ауданға еңбегі сіңген Жалпақтөбе ауылының сыйлы да қадірлі қариясы Анвар Искаков. Ол саналы ғұмырын қаржы саласына арнап, көп жыл бойы жемісті еңбек етті. 1978-1993 жылдары Жамбыл ауданы Банкінің төрағасы, 1993- 1997 жылдары Жамбыл облысы Банкі төрағасының бірінші орынбасары болған. Бүгінде құрмет демалысында. Бейнетінің зейнетін көріп отыр. Күні кеше арда азаматтың еңбегі еленіп, лайықты бағаланды. Анвар Искакұлына «Жамбыл ауданының Құрметті ардагері» атағы берілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев Құрметті ардагердің кеудесіне төсбелгісін тағып, қолына куәлігін тапсырды. Қуанышты бөлісе келген Полатқосшы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдулхалил Маюфи және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ҚР Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкері Сәпілмәлік Тәжиев құрметті ардагердің иығына шапан жапты. Оған ізгі тілектерін арнап, ілтипат білдірді.