Ауданда негізгі азық-түлік, азық-түлік емес және ақылы қызмет көрсету бағаларын тұрақтандыру, негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында аудан әкімдігінің жанынан арнайы штаб құрылған. Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аталған штабтың кезекті отырысы өтті.
Штаб отырысында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын нақты нормадан асырмау мақсатында сауда нысандарына, дүкендерге жасаған зерделеу жұмыстарының нәтижесі мен кәсіпкерлермен жүргізілген меморандум бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар жиында Өрнек, Полатқосшы, Гродиково, Қарой ауылдық округтерінің әкімдері өз округтерінде орналасқан сауда нүктелеріне халықтың көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді, көкөніс дақылдарын кәсіпкерлерден, шаруа қожалықтарынан келісімшарт бойынша арзан бағада жеткізіп, бағасын бақылауда ұстау бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімет берді. Жиынды қорытындылаған Ербол Жұмабекұлы азық-түлік тауарын өндірушілер мен сауда орындары арасында артық делдалдық буындарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды; ауыл ш а руа ш ы л ы ғ ы т ауа рл а р ы н өндірушілер мен сауда орындары арасында тиімді келісімшарттар жасауды ұйымдастыруды, тағы да басқа өзекті мәселелерді алға тартып, азық-түлік тауарларының бағасын шекті деңгейден асырмауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.