Мұсылман қауымы тағатсыздана күтетін, қимай қоштасатын Рамазан айы бірер күн бұрын мәресіне жетті. Алла разылығы үшін сәресіге тұрып, ауыз бекітіп, кешкісін ақшам уақытында ауыз ашқан жамағат тек оразамен ғана шектелмей, сауабы мол игі істерге де ден қойды.
Мейірім айында мұқтаж жандар жомарт азаматтардың қамқорлығына бөленді. Қалталы азаматтар олардың қажетін өтеп берді. Адамдар бір-бірімен жақсылық жасап жарысты. Игілікті істер әдеттегідей мақтангершілік үшін емес, Алланың разылығы үшін жасалды. Адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы түзеліп, мешіттердегі жамағаттың қатары кәдімгідей көбейді. Әсіресе, жастардың имандылыққа бет бұрғаны көңілге қуаныш ұялатты. Дүйім жұрттың ауызбіршілігін арттырған қастерлі айда Жамбыл өңірінде де игілікті істер көптеп жасалды. Аса ауылындағы «Бәйдібек» мешіті жанындағы асханада көпшілікке күн сайын ауызашар берілді. Түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтарға қажетті көмек көрсетілді. Бірі азаматтардың демеушілігімен керегін алса, енді бірі азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Жылдағы дәстүр бойынша пітір садақадан түскен қаражат та мұқтаж жандарға жұмсалды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді. Бұл туралы бізге ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы айтты. «Рамазан айы жамағатты жақсылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа үндейді. Мұсылман – мұсылманға бауыр. Біз бірбірімізге көмектесуіміз керек. Сауапты істер жасағанымыз абзал. Біз өз тарапымыздан көмекке мұқтаж жандарға қолдан келгенше қолдау білдіріп келеміз. Әрине, көпшіліктің көмегімен. Жылда пітір садақадан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсаймыз. Биыл да солай жасадық. 20 отбасыға азық-түлік себеттерін бердік. Алла разы болсын!» – деді. Көпке қуаныш сыйлаған, рухани азықтандырған, талай жанға тура жолға түсуіне бағдаршам болған Рамазан айынан кейінгі айларда да жақсылық көп болсын дегіміз келеді.