Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниеңнің қайшылығында туады. Ал дарын – Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне берілген қиял-ғажайып нұры. Әке күші, ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға етіп қалыптастырады. Қазақ елі осындай тұлғаларға кенде емес.
1943 жылы 1 мамырда Жамбыл ауданында дүниеге келген «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, балалар ақыны Сұлтан Қалиевтің өлеңдері сәби жүрегінде ескірмес сурет болып қалады. Себебі ол – бала табиғатын терең біліп және оны жыр жолдарына шебер түсіре білген нағыз ақын. Жақында аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ақынның туғанына 80 жыл толуына орай «Балаларға балдай жыр арнаған ақын» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауын ұйымдастырды. М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде өткен сайысқа 8-10 және 11-12 жас аралығындағы оқушылар қатысып, 4 бөлім бойынша бақ сынады. Жеткіншектер «Мен тұратын өлке» атты алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, «Сұлтан Қалиев – балалар әдебиетінің көрнекті ақыны» атты бөлімде ақынның өлеңін оқып, сахналық қойылым көрсетті. «Жұмбақ шешіп, ой дамыт» атты кезеңде жұмбақтар шешті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты кезеңде балғындар Сұлтан Қалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді. Балалардың өнерін бағалап, әділ бағасын берген қазылар алқасының мүшесі, қоғам белсендісі, ардагер журналист Сансызбай Махамбетқұлов пен М.Төлебаев атындағы өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Сейділдаева және балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Шолпан Түлепбергенова мәдениетіміз бен әдебиетімізге қайталанбас қолтаңба қалдырған қарымды қаламгердің өмірлік жолы көпке үлгі екенін мақтан етті. Жерлес ақынның сарқылмайтын, сиясы кеппейтін өлеңі әдебиет әлемінде мәңгі таңбаланатын қазынаға айналғанын сөз етті. Жарыс нәтижесінде жас ерекшеліктеріне қарай 1-топтан Алдиярхан Мұқашхан (Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы) бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Балсезім Тоқтарқызы (Ю.Гагарин), үшінші орынды Жасмин Садықова (Жұма бастауыш мектебі) иеленді. 2-топтан бірінші орынды Бақкелді Жаңабек (Ю.Гагарин) иеленсе, екінші орын Айзере Талғатқа (Б.Тайшапұлы) бұйырса, Айерке Қалман (Айшабибі) үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен ынталандыру қағаздары табысталды.