ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Куантыров жұмыс сапарымен ауданымызға келіп, Өрнек, Қаракемер ауылдарында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында пайдалануға берілген және салынып жатқан құрылыс нысандарының жай-күйін көріп, аудан қарияларымен және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Әуелі Әлібек Сәкенұлы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровпен бірге Өрнек ауылында бой көтеріп жатқан әмбебап спорт кешеніне барды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, құрылыс жұмыстарын қолға алған «Авторемстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың соңына дейін спорт кешенін қолданысқа береді. Құрылыс жұмыстарын аралап көрген министр мердігерге заман талабына сай салынып жатқан нысанды сапалы әрі уақтылы аяқтау керектігін айтты. Келесі кезекте Әлібек Куантыров өткен жылы пайдалануға берілген Өрнек ауылдық мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, аудан қарияларымен және жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Басқосуда министр елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жайында кеңінен сөз қозғап, көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін назарға алды. Өрнек ауылының тұрғындары таза ауызсумен жабдықтау жүйесінің тозығы жеткенін айтып, осы мәселені шешіп беруін өтінді. Бұл бойынша сөз алған министр жергілікті жұрт көтерген мәселеге ерекше назар аударылатынын, ҚР Үкіметінің алға қойған негізгі міндеті екі жыл ішінде ел тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту екенін жеткізді. Ал, «көгілдір отын» мәселесін көтерген тоғызтараулық тұрғындарға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы толыққанды жауап берді. Елді мекенді газдандыру бойынша жобалықсметалық құжат әзірленгенін, жалпы құны 446,6 млн теңге болғанын, республикалық және облыстық бюджетке қаржыландыруға өтінім берілгенін сөз етті. Әлібек Қуантыров бұл мәселе тұрғындар үшін аса маңызды екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша қаржыландыру қарастырылатынын алға тартты. Мұнан соң министр Қаракемер ауылындағы ауызсу құбырының құрылысын көрді. Бұл жұмыстар жоспар бойынша ағымдағы жылы аяқталуы керек. Сонымен қатар, министр елді мекенде «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да баса мән берді. Өткен жылы 2,5 пайызбен 7 млн теңге несиеге алып, «Алихан» шаруа қожалығын құрған, бүгінде мал бордақылауға ден қойған ауыл тұрғыны Исағали Омаровтың іскерлігіне ризашылық білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Бұл күні ҚР Ұлттық Экономика министрі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін назарға алды.