Халықаралық «ZHEIF-2023» форумы аясында Гродиково ауылдық округі аумағынан «Almaly resort» этно-туристік кешен ашылды. «Фортис Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Досан Рымтаев демалыс орталығына бүгінге дейін 700 млн теңге инвестиция салған. Нысанға 10 шақырым электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтерді. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты. Еуропалық үлгідегі орталықтың мүмкіншілігін Досан Тасболатұлы қонақтарға жан-жақты таныстырды.
– Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалай алады. Жоба толығымен аяқталғанда орталық бір мезетте 250 адамды қабылдайды. Орталықта тек жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалады. Қыс мезгілінде тау бөктерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосамыз. Барлық ғимараттар ауызсу және жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, бір мезетте 100 адамды қабылдайтын 10 киіз үй тігіледі. Жергілікті тұрғындар үшін бағаның қолжетімділігіне назар аударатын боламыз, – дейді ол.
Сонымен қатар, мұнда 70 адамға арналған 7 коттедж, 8 қонақ үй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақтандыратын кафе-мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, футбол, теннис алаңдары, 120 адамға арналған ашық демалыс орны, ат спорты алаңшасы, балық өсіруге арналған тоған салынған.
Ал, Абдалы Тоқбергенұлы облысымыздағы теңдесі жоқ демалыс орны заман талабына сай салынғанын айтып, кәсіпкерге алғысын білдірді.
– Облысымызда демалыс орталықтары жыл өткен сайын артып келеді. Бүгін т ағы бір тамаша туристік кешен ел игілігіне берілді. Жоба ауқымды әрі туристік нысанның бірегейі болмақ. Құрылыс жұмыстарын 10 айда жүргізген серіктестік басшысы алдағы уақытта орталықты түрлендіре түсуге, бірқатар құрылысты аяқтауға 300 млн теңгедей қаражат жұмсалатынын айтып өтті. Әрине, осындай игі істі қолға алған кәсіпкердің жұмысына тек сәттілік тілеймін, – деді.
Туристік кешеннің ашылғанына жергілікті тұрғындар да дән риза.
– Отбасылық және ұжымдық демалыс орталығы керемет үлгіде бой көтеріпті. Естіп, біліп бүгін ашылуына арнайы келіп отырмын. Қалаға қашық болғанымен, мұнда табиғаттың әсем көрінісі еріксіз баурап алады. Алдағы демалыс күндерін осында өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді шаһар тұрғыны Талғат Дәулеткерейұлы. Алдағы уақытта орталық аумағын атына сай етіп, алма ағаштарын отырғызу, келушілерге қымыз, шұбат ұсыну, африкалық түйеқұстар өсіру және басқа да жобалар жүзеге асырылмақ.