Киелі Әулиеата жері өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңір десек, соның ішінде Жамбыл ауданы – түрлі этностардың ұйысып отырған қасиетті мекені. Қазақ халқы «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ұлтаралық татулықты сақтауға үлес қосқан белсенді азаматтарды арнайы қабылдады. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, ізгі тілегін арнады. Сый-сияпатын ұсынып, құрмет көрсетті.
– Бүгін біз сіздермен еліміздегі ең айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында жүздесіп отырмыз. Бәріңізді алдымен осынау сәулелі де шуақты, мәртебелі де мерейлі мерекемен шын ықыласыммен құттықтаймын. Біздің мәңгі құндылығымыз, басты байлығымыз – азаматтық татулық пен этносаралық өзара келісімді сақтау. Елімізде берік орнығып, тамырын тереңге жайған достық пен келісім дәстүрлерін өскелең ұрпақтың бойына барынша дарыту бәрімізге ортақ міндет екенін де жақсы білесіздер. Қазір ауданымызда 30-дан астам ұлттың өкілдері ынтымақ пен татулықты ту етіп, жарасымды тұрмыс кешуде. Олардың барлығы өңірімізді гүлдендіруге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға біркісідей жұмылған. Оны өздеріңіз күнделікті көріп-біліп жүрсіздер. Ендігі жерде баршамыз ынтымағымызды ыдыратпай, сыйластығымызға көлеңке түсірмей, бұдан да етене бірігіп, жаңа мақсаттарға бірге қол жеткізуге тиіспіз. Сонда ғана Қазақстан деп аталатын ортақ үйімізде тыныштық орнайды,тәуелсіздігіміз тұғырынан таймайды. Еңсесі түспес ерлігі, ерен қуат-бірлігі бар берекелі қазақ жерінде халықтар достығы мәңгі жасасын. Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілеймін, – деді өңір басшысы.
Жылы жүздесуде «Барбанг» күрді этномәдени орталығының төрағасы Сабри Асанов сөз алып, татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі аудан тұрғындарын бірлік күнімен құттықтап, өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, құрмет көрсеткен Ерлан Қыдыралыұлына алғысын айтты. Мерекелік жиын соңында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысып жүрген азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.