Әне-міне дегенше жаз маусымы аяқталуға жақын. Оқушылардың білім ордасымен қауышатын күннің ауылы алыс емес.
Аймақта ығы-жығы халықтың қайнаған тіршілігі қайта жанданады. Осы тұста ауданда оқушыларды тасымалдайтын автобустардың жай-күйі қандай деген орынды сауал туындайды.
Тақырыпқа тұздық болсын. Жаңа 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша 10 ауылдық округке қарасты 21 елді мекеннен 1692 оқушыны 19 автобуспен тасымалдап оқыту жоспарланып отыр.
Күні бүгін Аса ауылының орталық алаңында аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Абдирасилова, аудандық ПБ ӘПБ-мен бірге оқушыларды тасымалдайтын автобустарға зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Айталық, жол қозғалысының қауіпсіздігі тақырыбында мектеп автобустарының жүргізушілерімен нұсқамалар, сондай-ақ балаларды көлік құралдарына отырғызу және түсіру кезінде міндетті түрде апаттық дабыл қағуды қолдану бойынша талаптардың сақталуы басты назарда болу қадағаланды.
Зерделеу барысында аудандық ПБ ӘПБ бастығы, полиция мойоры Өркен Суйинбеков бастаған полиция қызметкерлерінің тарапынан автобустардың техникалық жай-күйі, техникалық байқаудан өтуі, жүргізушілердің құрамы (тиісті санаттарының болуына, жүргізушінің өтілі, жолда тәртіп сақтау әдеттері) тексеріліп, басқа да талаптарға сәйкестігі қаралды.
— Балаларды қауіпсіз тасымалдау – біздің бақылауымыздағы маңызды міндеттердің бірі, — деген ауданның бас ұстазы Зауре Сәдуақасқызы алдағы уақытта да аудандық білім бөлімі тарапынан жүйелі жұмыс жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Ж.Асанов/Жамбыл ауданы