ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Биыл ел Тәуелсіздігінің 32 жылдығымен қатар Желтоқсан оқиғасына 37 жыл толды.

Осыған орай аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жамбылдық желтоқсаншыларды қабылдады.

Аудан басшысы тәуелсіз қазақ елінің отыз екі жыл ішіндегі бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігін бүгінгі мен кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып өтті.

– «Тәуелсіздік алғанға дейін халқымыз біраз тар жол, тайғақ кешуден өтті. Соның бірі де бірегейі 1986 жылғы қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл толып отыр. Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ерлігімен ел аузында қалған жандардың арасында Жамбыл ауданынан 20 желтоқсаншымыз арамызда отыр. Әрқайсысыңыз егемен елдің еңсесін тіктеу жолында аянбай, қазіргі таңда түрлі салаларда қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып келесіздер. Сондықтан Сіздердің келешек ел ертеңі – жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлестеріңіз орасан зор деп санаймын», — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Кездесуде желтоқсаншылар қазақ жастарының өшпес ерлігін тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. Сол кезеңдегі жас өрендердің аңыз болып қалған әрекеттері келер ұрпаққа патриоттық сезім сыйлап, Отансүйгіштікке тәрбиелейтіні анық.

Шара соңында Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.