Атырауда сау адамды мүгедек қылғандар жазадан құтылып кетуі мүмкін. Бұл туралы Asaaqparat.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оны мүгедек қылған адамдар ұрып-соқты деп бес полицейді соттатып жіберген. Ал құзырлы органдар істі бір-біріне сілтеп қол қусырып отырған көрінеді.
43 жастағы Саламат Жексемали қазір екінші топтағы мүгедек. Оны өткен жылы ақпан айында достары дүкен маңында ес-түссіз жатқан жерінен үйіне әкеліпті. Содан бері науқас ес жимаған, тілге де келмеген. Біраз уақыт ауруханада жатқан азаматтың денесінің сау-тамтығы қалмаған.
Саламаттың әкпесі Нұргүл Жексемалиева:
«Бірге отырған достарынан зәбір көрген. Таяқ жеген. Ұрған. Мүгедек болып қалды. Ол достары қазір бостандықта жүр. Оларды ешкім тергеп-тексеріп жатқан жоқ. Менің інімнің құқығы тапталып, мүгедек болып, дұрыс сөйлей де, жүре де алмайды. Осындай жағдайда отыр. Бір жыл болды, бұл істің қаралып, істің созылып жатқанына.
Басында Саламатты дүкеннің қасынан тауып алдық деп айтайық деген, ініме келіп кешірім сұрағандары бар. «Біз емес» деп алып, «жағдайыңды жасаймыз, ақшаны, емге бәріне төлейміз» деп, келген сондай дәлелдері бар»,-деді.
Қазір рны мүгедек еткендер бостандықта жүр. Өйткені күдікті азамат тергеуде тәртіп сақшылары ұрып-соқты деп арыз жазып, бес полицей сотталып кеткен. Ал мүгедек болып қалған Саламат Жексемалының ісі сол күйі қозғалмай тұр деп ашынады туыстары. Тіпті құзырлы органдардан жарытып жауап ала алмай жүргендер Атырау облыстық прокуратурасына барды. Бірақ қадағалаушы орган өкілдері бұл жолы да түрлі сылтау айтып шығарып салған.
Атырау облысы прокуратурасының басқарма бастығы Шыңғыс Нәсіпқали:
«Бізде сотқа дейінгі тергеп-тексеру бекітілген. Ол бізде қазір сыбайлас жемқорылққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті. Қазір қылмыстық іс солардың өндірісінде. Бірақ сізге қылмыстық іс бойынша нақты ақпарат керек болса, сауал жібересіз, облыс прокурорына немесе тергеу органына»,-деп жауап берді.