Бүгінде Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 15 адам емделіп жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Қазақстанда тұңғыш шығарылған онкологияға қарсы дәрі-дәрмекті таныстырды, деп хабарлайды Asaaqparat.kz сайты.
«Екі жыл бұрын шетелде жүрген мықты ғалымдарымызды қайтаруды бастадық. Өздеріңіз білесіздер, 90-ыншы жылдары мықты ғалымдарымыз түрлі себептермен шетелге кетіп қалады. Кейде БАҚ-тарда «атақты ғалымымыз Франциядағы үлкен зертхананы басқарып отыр», «мынадай ғалым АҚШ-та үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр» дегенді естиміз ғой. Солардың бәрін айқындап, екі жылдың ішінде олармен сөйлесіп жатырмыз. Қазақстанға қайту үшін қандай шарттар жасауымыз керек, қайта аласыз ба, біз не істей аламыз дегендей. Дос Сарбасов деген біздің атақты ғалымымыз Техас университетінің Андерсон үлкен онкологиялық орталықта көп жылдары жұмыс істеген. Ол Қазақстанға қайтты. Көп рахметімді айтамыз. Қазіргі таңда біздің ұлттық зертхананың басшысы. Ол өз биотехнолог, онкология саласында жұмыс істейді. Менің қолымда Қазақстанда тұңғыш шығарылған DVC деген онкологиялық дәрі-дәрмек», — деді ведомство басшысы.
Министрдің дерегінше, қазіргі таңда, Алматыдағы онкология және радиология институтында 15 кісі емделіп жатыр.
«Бірінші клиникалық кезеңнен өттік. Соның нәтижелерін жинақтап, пысықтап, 1-2 жылдың ішінде нарыққа өзіміздің тұңғыш Қазақстанда шығарылған онкологияға қарсы дәрі-дәрмекті шығарамыз. Дос Сарбасов мырза өзі биотехнолог. Ол жасушалармен айналысады. Ғалым ісік жасушаларының қорыту процесін бұзатын әдісті ойлап тапты. Бұл онкологиямен күресте инновациялық әдіс», — деп түсіндірді Саясат Нұрбек.