Волейболға ден қойған Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Амангелді атындағы орта мектептің қыздар командасы шаршы алаңдарда жасындай жарқырап, алдан көрінуде.
Жуырда бұл команда Аса ауылында 8 – наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімдігі Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының(директоры Б.Нұсқабеков) ұйымдастыруымен өткен аудандық ашық біріншілікте жүлделі екінші орын алды.
Турнирде Шымкент, Тараз қаласы, Түркістан Облысы Түлкібас ауданы, Қордай, Талас, Жуалы, Шу, Жамбылаудандарынан келген 18 команда арнайы кубокты сарапқа салды.
Алдымен олар Ерназар мен Өрнек ауылдарыныңкомандаларымен кездесіп, қос құраманы да 2:1 есебімен ұтты. Ақтық сында Шымкент құрама командасымен кездесуінде тамаша ойын өрнегін көрсете білгенімен, соңғы партияда Тараз қаласының командасынан 2:1 доп айырмасымен жеңіліс тапты.
Әрине, мұндайда бапкер Нүркен Ноғайбеков еңбегін атап өту ләзім шығар. Сонымен қатар осы жарыста тартысты ойын көрсеткен қаратөбелік спортшы қыздар Айда Толыбай (команда капитаны), Алина Жолдыбай, Мөлдір Әбдіқадір, Кәусар Бекзатқызы, Альбина Маратқызы, Гүлім Бесентай, Ғибрат Нұрқасым, Береке Силибек, және Әмина Таубай сынды ойыншыларды мақтанышпен атаған жөн.
Аудан атын асқақтатып, арнайы Кубокты иеленген волейболшы қыздарымызды бұл жетістігімен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мади Жанұзақов құттықтап, 9-11 наурыз аралығында Талас ауданында өтетін облыстық чемпионатта да жүлдемен оралуларына тілек білдірді.