Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ шығармашыл жастардың ордасына айналған Жайдарман ойындарын өткізуде тұрақты түрде қолдау білдіріп келеді.
Жуырда Айшабибі ауылдық мәдениет үйінде «Жайдарман – 2024» жартылай финалдық ойыны өтті. Орталық қызметкері Жалғас Жақсылықов жүргізген жайдарманның жайдарлы сайысына 5 команда қатысып, финалдық кезеңге дейін үздік өнер көрсеткен 2 команда жолдама алды. Ойын барысында күлдіре отырып, салмақты ойларын саналы әзілмен жеткізе білген командаларға төрелік еткен Жайдарлы жастар лигасының директоры Қайрат Мексилов, Престиж командасының капитаны Азамат Нұрланов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Дәулет Темірғалиев әр құрама тыңғылықты дайындықпен келгенін айтты. Әзіл-қалжың кеші шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетті. Тартысты әрі қызықты өткен ойын көрерменнің көңілінен шықты.
Әділ қазылардың шешімімен І орынды «Айшабибі орта мектебінің» құрамасы иеленді. ІІ орынға «Шайқорық орта мектебінің» құрама командасы табан тіресе, ІІІ орын Ш.Ниязбеков ауылынан келген «Жамбай жастарының»ойыншыларына бұйырды. Үздік ойыншы аталымын Айшабибі орта мектебінің оқушысы Анель Айдаралиева иеленді.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.