Апта аралығында Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттары бекітілген кестеге сәйкес ауылдық округтерде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, талап-тілегін, ұсыныс-пікірлерін назарға алды. Қабылдауда болған азаматтар жеке бастың емес, елге ортақ мәселелерді көтерді.
Елге ортақ мәселелер көтерілді
Аудандық мәслихаттың депутаты Мөлдір Қырықбаеваның Бектөбе ауылдық Мәдениет үйінде өткізген қабылдауында негізінен жол, ауызсу мәселесі қаузалды. Бектөбе ауылының ақсақалы Тілеуберді Мамбешов Жамбыл көшесінің тозығы жеткенін айтып, ауылдағы таза ауызсу жүйесі тартылмаған көшелерге су құбыры тартылса деген тілегін тілге тиек етті. Ауыл ішіндегі күрделі жөндеуден өткен жолдардың тарлығына қынжылды. Қызылшарық ауылының тұрғыны Айтбек Жүнісбеков келер жылы ауылға «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауызсу құбыры жүргізілетінін, алайда, жергілікті тұрғындар бұған түбегейлі қарсы болатынын жеткізді. Өйткені оларға Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан келетін ауызсуды пайдалану тиімдірек. Олар су құбырына жұмсалатын қаражаттың зауытпен келісімшарт жасасуға бағытталғанын жөн көреді.
Бәйтерек ауылының азаматы Нұрғабыл Қыстаубеков Сүйінбай көшесінің асфальттануына, көше бойына жол белгілерінің орнатылуына ықпал етуін өтініп, Байалиев көшесінде электр бағаналары жоқ екенін алға тартты. Оның өтінішіне Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғамзат Сағымбеков: «Келесі жылы Сүйінбай көшесіне жол жабындысы төселеді. Көше бойынан жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады», – деп нақты жауап берді.
Қызылшарық ауылының қариясы Дүйсенбек Ермаханов елді мекендегі мешіттің жанынан балалар ойын алаңшасы салынса, мектеп алдындағы, оған барар жолдағы жол белгілері жаңартылса, Жамбыл, Тоқтаров көшелерін қиып өтетін ескі көпір жөнделсе деген өтініш айтты.
Ауыл азаматтарының айтары бар
Аудандық мәслихаттың депутаты Талап Әбдібеков Ерназар, Өрнек, Тоғызтарау ауылдық округтеріне барып, жергілікті тұрғындарды қабылдады. Үш елді мекенде де егінсу, ауызсу, автожолдарды, каналдарды, көпірлерді жөндеу, газ тарту секілді мәселелер өзекті болып тұр. Мәселен, Ерназар ауылының ақсақалы Оңғар Үрпеков Әбдіһайым, Қырбасов көшелері, ауылдың кіреберісі, Қаратау қаласына шыға беріс жол асфальттанып, жол белгілері қойылса деген тілегін айтса, оның сөзін құптаған қария Құдиярбек Бейсалиев Тілебаев, Бекмұханов көшелеріне қиыршық тас төселсе деп өтініш білдірді. «Шынтасов» шаруа қожалығының төрағасы Құрманғазы Шынтасов егінсу жайында сөз қозғап, «Шиелі», «Базарбай» каналдарының шлюзін жөндеп, бетондау керектігін көлденең тартты. Ауыл тұрғыны Төрехан Қырқымбаев елді мекендегі мекеме-ұйымдардың электр желісі мектептің трансформаторына жалғанып тұрғанын, сондай-ақ электр бағаналары ескіргенін, электр қуатын арттыру үшін ауылдық клуб пен жергілікті әкімшілікке жеке-жеке трансформатор орнату қажеттігін жеткізді.
Өрнек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын қажы Атыхаев округтегі ел игілігі үшін жасалып жатқан тірліктерге тоқталып, ендігі кезекте Жұма стансасындағы Көктөбе, Өрнек ауылындағы Мұратбаев, Абай, Молдағұлова, Жамбыл көшелері жөнделсе, таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырған отбасыларға тіршілік нәрі тартылып берілсе деген өтінішін білдірді.
Ал, зейнеткер Қабыл Үсіпов егінсу тапшылығы ауыл жұртшылығын алаңдатып отырғанын жеткізді. Қарияның бұл сөзіне округ әкімі Әзиз Мәнтеев: «Суармалы суды тиімді пайдалану және гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында округ аумағындағы «Саза», «Айтақ», «Көгой» каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілді. Канал профильдері қалпына келтірілуде. Р-2 каналында лоток жүйесін демонтаждау жұмыстары жасалуда. Су тапшылығына негізінен каналдардың жөнделуі себеп болды», – деп тұщымды жауап қайтарды.
Тоғызтарау ауылының тұрғындары – Жібек Темірбекова елді мекенде ұялы байланыс нашар ұстайтынын, медициналық пунктке интернет желісі тартылмағанын тілге тиек етсе, Ғани Қалдыбаев ауылдағы көшелер жарықтандырылса, Рысқұлов көшесіне жол жабындысы төселсе деген өтініш-тілегін айтты.
Депутат тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын, ол бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін алға тартты.
Депутаттардың қабылдауына аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қуаныш Қарашолақов, бас маман Әділет Бөлегенов, ауылдық округ әкімдері қатысып отырды.
Ильяс Қалыбеков