Ауылға жол тартқан пенденің әуелі жанына бататын, көз көрсе қабағы түйілетін сүйкімсіз көріністің бірі – оның ашық-шашық жатқаны, айналаның күл-қоқыстан арылмауы. Күз мезгілінің екінші айы да аяқталуға жақын. Қоңыр күздің ызғарлы желінен талдардан түскен жапырақтар, сай-саланы аңдыған қаңбақ пен қалдықтар көзге оғаш көрінетіні анық. Сондықтан аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен ауданда күзгі тазалықтың 2 айлығын өткізу дәстүрге айналған.
Осы орайда өткен сенбіде аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме-ұйым, кәсіпорын қызметкерлері және ауылдық округ әкімдері тұрғындарды тарта отырып, саябақ, скверлер айналасын, арық-атыздарды, көпір астыларын күл-қоқыстардан тазартып, қураған талдардың бұтақтарын, шөптерді шауып, жинады. Соңынан жол бойындағы талдарды әктеп, өздеріне бекітілген учаскелерін ретке келтірді.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, сенбілікке 1025 адам жұмылдырылған. Санитарлық-тазалық жұмыстары барысында жиналған 280 тонна ірілі-ұсақты қоқыс жүк көліктеріне артылып, шығарылған. Сонымен қатар Аса – Тараз, Тараз – Гродеково бағытындағы автомобиль жолындағы тазалық жұмыстарына азаматтар ұйымшылдықпен атсалысқан.
Айналаның ажарланып, келбетінің көркем болуы бәрімізге қатысты. Сол себепті ынтымақпен қолға алынған әрбір іс берекесін, нұрын төгіп тұратыны анық. Бұл жолғы көрініс дәл осындай игілігімен іске асты деуге болады.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ