Өрендер өнерімен тәнті етті

Елбасы бір сөзінде: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деген еді. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Халқымыздың басынан өткен небір ауыртпашылық, патша өкіметінің отаршылдығына қарсы жүргізілген ұлтазаттық көтеріліс, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздікке деген алғашқы ұмтылысы, тоталитарлық жүйенің нығаюы тұсындағы наразылығы, қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы кезіндегі саяси серпілісі – бәрі отаршылдықтан тәуелсіз ел болуға жетелеген баспалдақтар.

Бүгінгі ел жастары осы қасиетті сөздің мәнін ұғынып, мирас еткен ұлт зиялыларының өсиетін бойына сіңіруде.
Сәрсенбі күні аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тірегі» атты мәнерлеп оқудан аудандық байқау өтті. Байқаудың алғашқы бөлімінде жас өрендер шеберліктерін көрсетіп, тәуелсіздік туралы өлеңдерді мәнерлеп жатқа оқыды. Екінші кезеңде үміткерлер «Менің сүйікті кітабым» тақырыбы бойынша өздерінің сүйікті шығармаларын таныстырды.
Сайыс жеңімпаздарын анықтауда қазылар алқасы жастардың оқу шеберлігіне, сахна мәдениетіне, тіл тазалығына, біліміне назар аударды.
Бабы мен бағын сынаған өрен­дер сайысқа жоғары дайындықпен келгендерін байқатып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, 10-14 жас ерекшелігі бойынша өнер көрсеткен жеткіншектердің шығарманы таңдаудағы талғамдарына, көркем сөйлеуіне тәнті болдық.
Байқау нәтижесінде, 10-14 жас арасында Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Әсемай Өмірбек бас жүлдеге лайық деп танылса, Инсан Разбай (Б.Момышұлы) бірінші орынды, Нұрила Тұрғынбек (Ю.Гагарин) екінші орынды, Жасмин Тұрдыбек (Б.Момышұлы) үшінші орынды иеленді. Ал, 15-20 жас аралығында ерекше көзге түскен Нұрай Қарабек (Ю.Гагарин) бас жүлдені иеленсе, Толқын Орынбек (Б.Кейкиев) бірінші орынға, Гүлзат Сауран (Б.Бесбаев) екінші орынға, Аружан Есентаева (Бірлесу-Еңбек) үшінші орынға тұрақтады.
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған байқау жоғары деңгейде өтті. Байқауға қатысқан оқушылардың барлығы тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Шараны ұйымдас­тырған аудандық орталық кітапха­наның ұжымына алғысымды білді­ремін, – деген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мади Жанұзақов жеңімпаздарды дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.