Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Таяуда ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының “Жасөркен”, “Айша бибі” автомобильдік шекаралық бақылау бөлімшесі және “Бесағаш” шекара бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу болып өтті.
Басты мақсат — жас сарбаздарды еліне деген сүйіспеншілікке, Отан алдында адал қызмет атқаруға, қорғауға, азаматтық қасиетке баулу болып табылады.
Шекарашы сарбаздар ауған ардагері Батырхан Шәлімбетов, «Бесағаш» шекара заставасы бастығының орынбасары Аслан Жексенбин, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жандар Тоқсаба, айтыскер ақын Медеу Мырзатаев, спорт саласының үздігі Бодауов Серік және дәстүрлі әнші Жақсылық Қалтешовпен кездесті.
Меймандар жастарды патриотизмге тәрбиелеу аясында сөз сөйлеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді.
Сарбаздар өз ойларын ортаға салып, сұрақтарына тұщымды жауаптарын алды.
Патриоттық кеште сарбаздардың құрметіне әуезді ән шырқалып, күмбірлеген күй тартылды.