Қордай ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары өтті. Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған бәсекеде ауданымыздың намысын қорғаған №13 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мақтаныштары жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді.
Осы ретте айта кететін жайт, жарыста жерлестеріміз дзюдодан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қарсыластарын қоғадай жапырған Асылайым Қайыпберген, Гүлдана Марлен, Әлімбай Әли өз салмақ дәрежесінде алтын медальға қол жеткізсе, Рабмир Махмутов күміс медальды қанағат тұтты. Ал, Мерей Рустам, Аяулым Жанатбек, Нұржас Қабыл, Елдияр Абдуллаев, Аңсар Мұстафа, Ағаділ Жараров, Изат Елеусінов қола медальды қоржынға салды.
Күні кеше жазғы ауыл ойындарынан жүлдемен оралған жасөспірімдерді қабылдаған спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Ержан Асанқұлов оларды жеңісімен құттықтады.
– Жаттықтырушылары Дамир Хабибуллаев, Мадияр Мұхаметкәрімов, Даулет Пахридинов, Жасұлан Көрпебайдың сенімін ақтаған шәкірттері алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенімдімін, – деді ол өз сөзінде.
Жәнібек АСАНОВ