Жамбылдық кәсіпкер күніне 1 тонна шырын өндіреді

Кәсіп ашып, табысымды еселеймін деген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау көп. Егер жобаның өміршеңдігі байқалса кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды ұтымды пайдалануға болады. Тек ауызы жыбырлағанның қолы қатар қыбырласа адамның алмайтын қамалы, жүзеге аспайтын жоспары жоқ. Барлық жеңістің соңында тер, еңбек, жауапкершілік тұрғыны белгілі.
Жуырда Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев кәсібінен несібесін айырып отырған «Мамедов Р» шаруа қожалығының тындырымды тірлігін сөз еткенде, тұрғынмен жолықтырыруын өтініп, қолқа салған едік.
Бардық. Шайқорық ауылының тұрғыны Равшан Мамедов 3 жылдан бері көкөніс консервілеу, алма, шабдалыдан шырын өндірумен айналысады. Қарамағында жұмысшылар жақындарынан құралған. Жалға алған 1,5 гектар жерге қызанақ, қияр және басқа да дақылдарды еккен кәсіпкер өнімін жинап алғаннан кейін оны үй іргесіндегі қоймада сақтап, сондағы шырын жасайтын құрылғыларын іске қосады. Әрине, көкөністер қызарып, жеміс-жидек піскен шақта «Мамедов» шаруа қожалығында тыным жоқ.
– Мына тұрған шыны ыдыстың бір данасын 90 теңгеден, қақпағын 14 теңге 60 тиыннан сатып аламын. Ал алма мен шабдалыны арзан бағада Алматы, Шымент қалаларынан алдыртам. Маусымдық науқанда күніне 500-600 банка шығарамыз. Әр банка 2 литрдан есептегенде 1 тонна шырын тапсырыс берушілерге жеткізіледі. Біздің тауарымыз аудан, облыстың дүкендерінің сөресінде тұр. Жұмыс барысын айта кетер болсақ, мына тұрған құрылғыларды өзім құрастырдым. Тек шыныға қақпақ жабатын аппаратты және қозғалтқыш маторлард сатып алдым. Алдымен қолдағы шыны ыдыс ыстық бу арқылы залалсыздандырылып, тазаланса, жүгіртпе жол арқылы жоғарыда тұрған жеміс сығындысы арнайы батырма арқылы ыдысқа құйылады. Шырынға толы ыдыс бұдан әрі қақпағын байлайтын аппаратқа жеткізіледі. Соңынан шыны ыдысқа жарнама парақтары жапсырылады. Біз тек тапсырыс түскен жаңдайда ғана жұмысқа жұмыла кірісеміз, – дейді Р.Мамедов.
Сөзімізге қосылған аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев:
– Кәсіпкерлерге қолдау білдіру біздің бөлімнің тікелей міндеті. Оның үстіне аудан әкімі Сәкен Арубаев кәсіпкерлерге қолғабыс ету, өміршең жобалардың жүзеге асуына ықпал ету, түрлі бағдарламаларды сәтті пайдаланудың тетіктерін жергілікті жұртшылыққа кеңінен насихаттау жұмыстарын тапсырған болатын. Кәсіпкер алғашында «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында оқыту курсынан өтіп, «БизнесБастау» бағдарламасымен 6 млн теңге несие алды. Кейін микроқарды ұйымдарынан кәсібін кеңейтуге 4 млн теңге қаржы қаралып, ол суммаға қажетті құрылғыларын сатып алды, – дейді Бауыржан Жанатбекұлы бізбен әңгімесінде.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.