Жамбылдықтар мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылдарға көгілдір отын, таза ауызсу жүйесі тартылуда. Елді мекендегі көшелер күрделі жөндеуден өтуде.

Бейсенбі күні осы бағдарлама аясында қолға алынған жұмыстардың сапасын және орындалу барысын зерделеу мақсатында құрылған жұмысшы топ ауданымызға арнайы ат басын бұрды. Құрамында облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Біржан Күзембеков, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторлары Әуесхан Мырзатаев пен Мұхтар Мамышев, облыстық мәслихаттың депутаты Самал Байкеева бар топ әуелі Жамбыл атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. 100 оқушыға шақталған білім беру мекемесі заман талабына сай салынғаны көрініп тұр. Мұнан кейін жұмысшы топ Рахат, Еңбек, Тастөбе, Шайдана, Ащыбұлақ, Қаракемер, Өрнек, Ерназар ауылдарындағы құрылысы жүргізілген газ жүйесінің жағдайын, сондай-ақ Аса ауылындағы 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын, пәтерлердің жылуын зерделеді.
Зерделеу барысында топ құрамымен бірге жүрген аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбеков құрылыс нысандарына бөлінген қаражаттың игері­луін және құрылыс кезінде орын алған кемшіліктердің барлығы мердігер компа­ния­лар­мен қайта ретке келтірілгенін мәлімдеді.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.