Ғасыр жасаған жамбылдық кейуана референдумға қатысты деп хабарлайды http://asaaqparat.kz
«Адам жаспен емес, жауапкершілікпен өседі» деген. Бүгін Жамбыл ауданына қарасты Ақбұлым ауылының тұрғыны, ғасыр жасаған кейуана Күлия Үсенова жергілікті №465 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
«Қуат – тірішілік көзі» деп білетін ғасыр куәгері ел ертеңіне бей-жай қарамайтынын айтып, саяси науқаннан қалыс қалмауды ұйғарыпты.
– Небір зұлмат заманды бастан өткеріп, білте шамның жарығымен өсіп-өнген адамбыз. Шіркін, жарық дүниеге не жетсін! Сол себептен де қандай қуат көзін болса да қолдаймын. Бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын, — дейді ғасыр құрдасы.
Егде тартқан жасына қарамастан мемлекеттік маңызды шешімге аса үлкен жауапкершілікпен қараған қазыналы қарияның сөзі де, өзі де көпке үлгі.
Айта кетейік, бүгін өңірдегі дауыс беруге арналған 508 референдум учаскелері ОСК бекіткен нұсқаулығына сәйкес, жарақтандырылып,онда 3616 комиссия мүшелері азаматтарға дауыс беру барысында заң талаптарына сәйкес қызметтер көрсетуде. Бұл жерде айта кететін жағдай, барлық учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталған.