КЕЛЕР ЖЫЛЫ БЕСАҒАШТЫҚТАР ТАЗА АУЫЗСУДЫ ТҰТЫНАТЫН БОЛАДЫ

Ағымдағы жылдың ақпан айында Бесағаш пен Түрксіб ауылының тұрғындары алдында 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аудан әкімі Сәкен Арубаев жұртшылықты толғандырған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға уәде еткен болатын.

Бесағашта бауын тапса, байламын таппай келе жатқан жұмыстар баршылық. Бұл орайда Кеңес үкіметі тұсында жүргізілген ауызсу құбырының әбден тозығы жеткенін, әлем, азия чемпиондары шыққан ауылға дене шынықтырумен айналысатын нысанның қажет екенін айта кетуге болады. Жоғарыдағы мәселелерді сол есептік кездесуде ауыл қариялары мен жастары көтеріп, қолдау білдіруін өңір басшысынан өтінген еді.

Ауыл азаматтарының басы қосылған кездесуде Сәкен Қаланұлы ауылда спорт нысанын салу жұмыстары жүргізілетінін, халық тіршілік нәрінен тарықпайтынын, екі ауылға таза ауызсу құбырының тартылуына күш салатынын жеткізген.

Көпшілік алдындағы уәделер мен тұрғындардың өтініші ескерілді ме? Ауылда қандай өзгерістер бар? Осы сауалдарға жауап табу үшін біз Бесағаш ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанбыз.

Бүгінде Бесағаш пен Түрксіб ауылдарындағы 1480 аулада 6822 адам тұрады. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы ескеріліп, ұзындығы 44, ені 22 метрді құрайтын кіші футбол алаңына аудандық бюджеттен 11 млн теңге қаржы қаралып, нысан жуырда ел игілігіне берілсе, «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Қадіржан Дөненбаев дәл осындай алаңның құрылысын биыл аяқтауға ниеттеніп отыр.

Ал, әмбебап залы бар спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құны 480 млн теңгені құрайтын бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігіне өтінім берілген. Қолдау тапқан жағдайда жұмыс келер жылы басталады деп күтілуде.

Сапалы ауызсу жүйесі бойынша өңір басшысы айтқандай, ауылішілік көшелер қазылып, игілікті іс баста­лып кеткен. Бұл туралы округ әкімі Бейбіт Нигматуллаев: «Ауыл­да тұрғындардың қажетін өтеу үшін жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Ұзындығы 74 шақы­рымды құрайтын ауызсу жүйесіне республикалық бюд­жеттен 1,4 млрд теңге қаржы қаралған. Жұмысты «Көлсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Келер жылы ауыл азаматтары таза ауыз­су­ды тұтынатын болады», – дейді.

Ауыл-аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылық оң бағасын беріп отыр.

– Құдықтан су пісіп ішіп келе жатқалы қашан. Оның үстіне жерасты суының сапасы да төмен. Бүгінде мемлекетіміз ауылдарға қарайласып жатқанын аңғаруға болады. Әсіресе, басшыларға айтқан ұсыныс-тілектер сол жерде қалып кетпей, жүзеге асып жатқаны қарашаның билікке деген сенімін нығайта түседі екен. Тезірек сапалы ауызсудың рақатын көруге асықпыз, – дейді бесағаштық Асланби Керімжан.

Осындай игіліктерді көргеннен кейін ойға «Сөзден – іске!» қағидасы оралады екен. Бастысы, халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін қолға алынған жұмыстар жалғасып отыр.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.