Біліп айтқан сөзге құн жетпейді

Бүгінде көпшілік алдында сөйлеу өзекті мәселеге айналған. Әсіресе мемлекеттік қызметшілердің көпшілік алдында сөйлеуі кезінде бойды уайым билеп, өзін дұрыс ұстай алмайтын сәттерді жиі кездестіруге болады. Францияның мемлекет қайраткері Наполеон Бонапарт: «Кімде-кім дұрыс сөйлей алмаса, оның мансап жолы да дамымайды» деген екен. Қазіргі дамыған заманда түрлі әлеуметтік желілерді пайдаланушылар әкімдік пен кез келген мемлекеттік мекеменің есігін қағып, қызметкерлердің кем-кетігін жариялап жүргенін көріп те, естіп те жүрміз.

Осы мақсатта аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен көпшіліктің ойын мазалаған проблемалық мәселелерді түсіндіруге және сөйлеу құзыреттіліктерін арттыру бойынша семинар-тренинг өтті.
Басқосуда Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясы Жамбыл облысы бойынша филиа­лы­ның оқытушысы Тәттігүл Орынтаева «Тіл – көңілдің кілті» тақырыбында слайдты пайдалана отырып көпшілік алдында сөйлеу мәнері бойынша баяндама жасады. Ол кез келген ақпарат бергенде дауыс ырғағы, мақам, екпін секілді әрекеттердің 38 пайыз болуы және 55 пайыз дене қимылының болуы адамды өзіне қаратып, жағымды әсер ететінін түсіндірді. Сонымен қатар шешендік өнерге қатысты көпшілік алдына шығу, тұрған тұрысы, сөз сөйлеу қуаты, көзге ілу, бет-әлпет қимылы, жүріс-тұрысы, дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, мағыналық екпінге мән беру, тағы да басқа кезеңдерден тұратын бөлімдерді егжей-тегжейлі баяндап, семинарға қатысқан ауыл­дық округ әкімдерінің сауалдарына жауап берді.
Семинарда сөз алған облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлбаршын Құланбаева әлеуметтік желі пайдаланушылармен байланысқанда, олардың сұрақтарына жауап бергенде қандай амалдарды қолдану керек екенін және журналистердің сауалдарына заңдылыққа сәйкес қалай жауап беруге болатыны жөнінде толық ақпарат берді.
Жиын соңында семинарға қатысушылар өзара пікір алмасты.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.