Таласқа ешкімнің таласы жоқ

Шежіресі шұрайлы, жері шырайлы Жамбыл облысының құрылғанына биыл 85 жыл толды. Ғылыми терминологияда Талас өлкесі атанған Әулиеата өңірінің тағылымды тарихы тым тереңнен тамыр тартады.

Түбі бір Түркі жұртының алтын бесігіне айналған Талас (Жамбыл) топырағы замананың түрлі дауылын бастан кешірді. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында бұл аумақта елдігіміздің құндылықтары болған төл мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Әсіресе, тағдырлы тайталастардың қазақ даласының қалған ақтаңдақ белгілерінің көп бөлігі Талас жеріне тиесілі. Соның бірі – біздің ұлт болып ұйысуымызға септескен, тіпті тайпалық тағдырымызды өзгерткен ұлы шайқастардың бірі Атлах шайқасы екені даусыз. Күллі Азия мен Дешті-Қыпшақ даласының тағдырын тасқа жазған қанды қырғын – 751 жылы Тараздың іргесіндегі Атлах бекінісінде 5 күнге созылған арабтар мен қытайлардың шайқасы еді. Бұл сұрапыл шайқастың тек қазақ қана емес, тұтас мұсылман әлемінде алар орны ерекше. Өйткені шайқастағы ұлы жеңіске араб мұсылман әскері, қарлұқ, түркеш түріктерінің қолдап, қуаттауы мен жанқиярлық ерлігі арқылы қол жеткізді. Осылайша, түріктер Исламды 751 жылдан былай қарай негізінен бейбіт жолмен қабылдап, ислам мәдениетімен ертерек танысып, рухани тұтастыққа қадам басты.

Адамзат мәдениетіне Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина сынды ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды. Кейінірек Сатұқ-Боғра қаған негізін қалаған Қарахан мемлекеті де исламды өздерінің мемлекеттік діні ретінде жариялаған болатын. Демек, бұл тұғыртасын сонау Ғұн дәуірінде қалыптастырған Таластың Түргештер мен Қарлұқтар кезеңінде маңызды стратегиялық аймаққа айналып, ортағасырда екі ұлы өркениет – Ислам халифаты мен Қытай империясының арасындағы шайқаста шешуші рөл атқарғанын айғақтайды. Міне, содан кейін бүгінгі Тараз қаласы еліміздегі алғашқы дін орталығы болды. Осы кезеңнен бастап қала тіршілігі қайнай түсіп, шаһар әр дәуірде «Саудагерлер қаласы», «Теңге орталығы», «Шырағдандар шаһары», «Қолөнершілер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды.

Әлбетте, Талас туралы толғағанда «Талас құрылтайы» туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы тарихи басқосу арқылы Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына Еуразия кеңістігінде түрік-ислам өркениетін ту еткен жаңа, дербес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерді. Ал Моғолстан мемлекеті Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығына енші беріп қана қоймай, оған саяси қолдау көрсетіп, ресми түрде алғаш танып, мойындаған ел болды. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек іргетасын қалаған Қазақ хандығының ең алғашқы қазығы Жамбыл өңіріндегі Қозыбасы жерінде қағылғаны да біз үшін зор мақтаныш.

Біз жоғарыда келтірген дәйекті деректердің барлығы әлдеқашан мойындалған тарихи шындық. Күні кеше облыстың құрылғанына 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Талас – ұлы өркениеттер тоғысында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан белгілі ғалымдардың тереңнен толғаған деректері де жоғарыдағы сөзімізді айшықтай түсті. Біз мұның бәрін бекер айтып отырған жоқпыз. Халқымызда «Өткенді танымай келешекке қадам баса алмайсың» деген тағылымды тәмсіл бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұрпақтар сабақтастығы, мемлекетшілдік дәстүр мен тарихи кезеңдердің сабақтастығын сақтауға басымдық беріп отырғанын аңғарып отырмыз.

Қорыта айтқанда, ислам өркениетінің алғашқы баспалдағы қаланған, мемлекеттілігіміздің бастауы болған Қазақ хандығының Туы тігілген құтты орданың мыңжылдықтар тоғысында алар орны өте жоғары. Ендеше, дәуірлер тегершігіндегі осындай айтулы оқиғалар Жамбыл жерінің айшықты брендіне айналуы керек. Сондықтан ендігі мақсатымыз – тарихшы-ғалымдармен бірлесе осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, шежірелі Әулиеата өңірінің тағылымға толы тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.

Серік Сәлемов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.