МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ — ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Мемлекеттік тілсіз кез келген елде тұлғалық ұлттың тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына сүйенбей, халыққа жайлы азаматтық қоғамды қалыптастырмай, гүлденген ұлттық мемлекеттің ірге тасын қалау мүмкін емес.

Тіл қашан да мемлекеттің – ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты, қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады. Тіл – ұлттың тірегі, әрі ең қымбат қазынасы.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі.
Бұл орайда ең басты бағыт — тіл саласында нормативтік құқықтық базаны, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қажетті ғылыми — әдістемелік, материалдық-техникалық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету, тілдердің, ең алдымен мемлекеттік тілдің еліміздің қоғамдық өмірінде қызмет ету аясын кеңейту, мемлекеттік тілді дамыту, оның қоғам өмірінің барлық салаларында, әсіресе ғылым, білім, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, халықаралық қатынастар салаларында белсенді қызмет етуіне қажетті алғышарттар қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторлармен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясында анық айқындалған.
«Адамның жаны бар сияқты ұлттың да жаны бар, оның тілі мен жаны табиғи тығыз байланысты. Тілінен айырылған халық міндетті түрде ұлттық қасиетінен айырылады» – деп Қадыр ағаның да сөзі менің пікірімді қуаттай түседі деп есептеймін.
Тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Сондықтан мемлекеттік тілді білу-өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді. Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз қазақ тілін қызғыштай қорғап, аса қадір тұтып, біздерге мұра етті. Демек, біздерге мирас еткен аманатты сақтау басты парызымыз деп білемін!

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің бас маманы Е.Е.Қыдырәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.