«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілді. Бұл бағытта мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда. Сонымен қатар, «Жайлы мекептерде» заманауи технологиялар пайдаланылады. Робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған.
«Барлық мектептер заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған», — деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.