Аймақпен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалар мен жобалардың шарапаты еселеп тиюде. Өткен және ағымдағы жылы әлемді әбігерге салған індет алқымнан алғанымен Жамбыл ауданының жоғары жетістіктері, халық қажетіне берілген игіліктер тұрғындарды өзінше қуанта білді. Бұл жоба ауданда шешімін таппай жүрген мәселелердің тарқамын тапты.
Ауданда 2019-2020 жылдары «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 6 елді мекенде 1,3 млрд теңгеге 45 жоба іске асырылды. Атап айтар болсам, спорттың 8 түрінен бір мезетте 350 спортшы шұғылдана алатын спорт кешені салынды. Аса ауылындағы ескі жатахана болған ғимарат қалпына келтіріліп, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру» орталығы болып ашылды. 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге оқушыларды баулыйды. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық ізденістерін, дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс жасайды. Бүгінде тұрақты жұмысқа 40 азамат тартылды. Ал сол жылы Қаракемерліктердің өтініші бойынша 90 орындық жаңа клуб пайдалануға беріліп, түрлі үйірмелерге жұмысын бастады. Аса ауылынан 70 тұрғын үй алқаптарының ауласына ауызсу тартылды. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, «Сәуле» балабақшасы мен орталық стадион жөндеуден өткізілді. Аудан орталығының 8 ауылішілік көшесінің 680 ауласына жарықтандыру орнатылды. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Аса, Бірлесу-Еңбек, Құмтиын, Еңбек, Рахат ауылдарының 29 көшесіне асфальт төсемі төселді.
Ағымдағы жылы да өзгерістер легі жалғасын тапты. Жоба шеңберінде 2021 жылға 3 тіректі елді мекен: Айшабибі, Полатқосшы, Өрнек және 7 спутниктік ауылдар: Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродиково, Ерназар, Тоғызтарауды қаржыландыру үшін 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Өрнек ауылында 202 млн теңгеге 140 орынды өнер ордасының іргетасы қаланып, бұгінде қабырғасы көтерілуде. Ал ағымды шығындар бойынша 15 жоба жүзеге асады. Яғни, 4 мектепті күрделі жөндеуге 359 млн 480 мың теңге жұмсалды. Дәлірек айтар болсақ, Айшабибі орта мектебіне 132 млн 651 мың теңге, Макаренко орта мектебіне 71 млн 903 мың теңге, Жасөркен орта мектебіне 24 млн 584 мың теңге, Амангелді орта мектебіне 130 млн 342 мың теңге жұмсалып, білім ордалары толықтай жаңарды. Сондай-ақ Жалпақтөбе, Пригородное, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдарындағы 11 ауылішілік жолдарды жөндеуге 321 млн 938 мың теңге бөлінді. Гродекова ауылындағы Ақ жол көшесіне 7 шақырымға жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жұмысы аяқталды.
Қуаныш Бүркітәлиев,
аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы.