Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы этносаралық татулық пен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасуда.
Бұл жоба этностар көп шоғырланған елді мекендерде тұрғындардың өзекті мәселелерін анықтап, мемлекеттік саясатты түсіндіру және қоғамдық диалогты дамыту мақсатын көздейді. Жаңатас қаласы мен Арыстан, Саудакент ауылдарында өткен кездесулер осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін айқын көрсетті.
Жобаны жүзеге асыру үшін құрылған «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобының құрамына облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, лейтенант Ербол Бекмаханов және Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ермахаов кірді. Бұл топ тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың тілектері мен ұсыныстарын тыңдады, сондай-ақ мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізді.
Кездесулерде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты XXXIV сессиясының шешімдері талқыланды. Мубарак Жинақбаева аймақтық Ассамблеяның жобалары мен мақсаттары туралы кеңінен баяндаса, аудандық прокуратура өкілдері заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және этносаралық келісімді нығайтуға ықпал етті.