Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру, инвесторларға қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктеді.
Бұл бағыттағы игіліктерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер жердің құрылымынан бастап, ауа райына дейін баса мән беретіні белгілі. Ал, Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Аудан аумағында бірқатар ұзақ мерзімді инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ауданның негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан және облыс орталығына жақын орналасқандығын ескере отырып жобалардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығына бағытталған. Ауданда 4500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды. Бүгінде бизнес субъектілерінде 7100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Атап өтер болсақ, 2020-2024 жылдар аралығында өңірде жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 8 жоба жүргізіліп, алдағы уақытта жаңадан тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Қысқаша тоқталсам, «Жамбыл Ет МS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Полатқосшы ауылдық округі аумағынан 1500 бас ірі қара малын бордақылау алаңын салуға 1,5 млрд теңге, Аса ауылдық округі аумағынан «Алель Агро» ЖШС жылына 2,5 мың тонна сапалы құс етін өндіретін фабриканың құрылысына 2,5 млрд теңге инвестиция салмақ.
Ал, «Аса Агро» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу үшін 8 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна 700 келі, жылына 21 мың тонна бройлер етін сатылымға шығармақ. Жылдық қуаттылығының артуына байланысты 35-ке жуық жаңа фабрика іске қосылмақ. Айшабибі ауылдық округі аумағынан «Родина» серіктестігі 300 гектарға 150 МВТ күн сәулелі электр станциясын салуға 16,8 млрд теңге бөліп, жұмыстар жүргізуде. Ақбастау ауылдық округінен «КазФос» ЖШС жылына 8 мың тонна натрий гексаметофосфатын өндіретін желінің ауқымын кеңейту үшін 2 млрд теңге қаражат қарастыруда. «АCA DAMU» ЖШС құс фабрикасының 4-корпусына 200 млн теңге бөліп, жақында жұмысын бастайды. «Данвер-Т» ЖШС Қаракемер ауылында 120 гектарға жылыжай кешенінің құрылысын салуға 2,5 млрд теңге аудармақ. Ал, «Супер Фарм» ЖШС екпеге арналған шприцтер шығаратын зауыттың үшінші корпусының құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсап, жұмыстарды өз мәресіне жеткізді. Егер жоғарыда аталған жұмыстар белгіленген уақыт аралығында аяқталса, өңірде 350-400 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз. Инвесторларға құрылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті тұрғындарды тарту мәселесі қойылған.
Сәкен Арубаев,
Жамбыл ауданының әкімі