Желтоқсан айы десе, Жаңа жыл емес, Алматы төрінде 1986 жылы орын алған қайғылы оқиға еріксіз ойға оралады. Сол заматта алаңға ел мүддесі үшін шыққан қайсар ұл-қыздарымыз «халық жауы» болып танылғанымен, кейіннен ұлттың ұлтандары оларды ақтап алып, қаһарман деп білді. Ел жүрегіне жазылмас жарасын қалдырған бұл оқиға исі қазақтың санасынан ешқашан аластамақ емес.
Аты-жөнім – Раушан Айтымбетова. 1964 жылдың 8 наурызында Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Сухамбаев ауылында дүниеге келдім. Бұғанамыз қатайғанша асқар тау әкем – Әзімбек намыс пен ұлтжандылықтың шынайы болмысын 8 баласының санасына сіңіріп, адалдықты ардың жолы екенін жиі айтып отыратын. Асыл анам – Рая қазақы салт-дәстүрді бес саусағындай білетін жан.
Өзіме келер болсам, 1971 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1981 жылы аяқтадым. Араға жыл салып, сол кездегі Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. Қазақтың бұрымдылары көптеп оқитын инситутта бір-бірімізді жақсы танып, біліп алғанбыз. Әрдайым сабақта болсын, жеке өмірде болсын, жәрдемдесуді әдетке айналдырып, ұйымшылдықтың мызғымас үлгісін көрсете білдік. Ұстаздар да қайран қалып, ылғи мақтап отыратын. Бірақ, сол күні біз дұрыс пен бұрыстың жолынан қателескен жоқ едік. Базбіреулер бұрыс деп білген жайт тәуелсіздікті сонау ата-бабаларымыздың армандап, қаншама жас пен қан төгілген зұлматты жылдарды бастан өткергені біздің сырсандығымызда сақтаулы болатын. Желтоқсандағы көтеріліс, жанжал, өлім тіркестері адам баласының үрейін алды. Егемендікті аңсап жүрген ел үшін олай емес еді.
1986 жылы 4-курс студенті едім. 15 желтоқсанда басқа топтағы қыздар ертең алаңда жиналатынымызды құлағдар етіп жүрді. Оқу ордасының әкімшілігі басу айтқысы келді. Бірақ құлақ асатын ешкім болмады. Бәлкім, оқып отырған жан «Ұстаздарға құлақ аспаған» деген ой түйер болса, жақсы қабылдаймын. Дегенмен, елдің ертеңі таразыға түсіп, әділетсіздіктің дөңгелегі қырға жөнелгенде көптің қолына қосылғаным қасиетті қазақ халқының алдында ажарымды нұрландырып келеді. Содан 16 желтоқсан күні екі сабақ бітер-бітпестен алаңға бет алдық. Жастардың Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына сонау Ресейден келген, елдің жайын білмейтін Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Міне, сол қанды шеруге мен де саналы түрде қатысуды жөн көріп, ұлттық намысымызды қорғауды ойладым. Қазақ деген ұлттың ожданы өлімнен биік екенін қазақ жігіттері дәлелдеді. Олар алаңда өжеттілігі мен қайсарлықтың қайталанбас үлгісін көрсетті. Біз де қазақ қыздарының рухы биік екендігін, ел деген қасиетті сөз кеудемізде бар екенін білдірдік. Сол күннің қара суығы байқалмай, ар мен намыстың желі бойымызды қызду-қызду жылытқандай. Биліктегілердің «тараңдар, әйтпесе күш қолдануға тура келеді» деген хабарын тыңдамай, ұлт көшбасшысы Дінмұхаммед Ахметұлының төбе көрсетуін талап еттік. Көздерінен от сезіліп, бойын намыс кернеген жастар ішімдік атаулыға мүлде жуымаған еді. Құлақтың құрышын қандырған «Менің Қазақстаным» әні әуелеген сайын қазақтың рухы аспандай берді. Әкеден дарыған тәрбиеден болар, қасымда туған сіңілім – Гаухар да жүр. Құрбыларым, дос-курстастарым Жанат Пірімқұлова, Ақмарал Күзербаева, Ләззат Бокишева, Несіпкүл Абдуллаева, Сымбат Қасенова, Клара Ниязова болды. Бейбіт шеруге шыққан жастар өздеріне биліктің қарсы күш қолданатындарынан еш хабары жоқ еді. Кенет, қолдарына қару алған милиция мен әскери киімдегі жауынгерлер жиылғанда шегінерге жол жоқ екенін түсіндік. Бірақ, қорқыныш сезім намыстан аттап өте алмады. Тек үрей бойды бойлап үлгерді. Сондағы қобалжығанымыз, жастарды ұрып-соқандарын көріп, «жазым болатын болды-ау» деген үрей еді. Бейбіт деп шыққан алаңымыз қанды шайқасқа ұласты. Аяушылық алаңда болмады. Бір уақытта өрт сөндіретін көліктер жастарды суық суға малыды. Жігіттердің қолын қайырып, тұтқындады. Содан жастардың қарасы минут сайын азая бастады. Көшелермен жүруге қорқып, үй-үйдің арасымен Гоголь мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы жатақханамызға құрбыларымызбен әзер жеттік. Содан бөлмеден шығармай, үш күн күнелткеніміз естеліктің қойын дәптерінен өшпейді. Араға уақыт салып, бәрі орнына орныққан кезде көзге іліккен жастар біртін-біртін оқудан шығарыла бастады. Олар алғы шептің бұғауында қалған жастар еді. Міне, желтоқсан айы таяғанда мен Жаңа жылды емес, достарымды еске аламын. Сол кездегі жастардың айқайы – елдің Әнұраны, қанды көйлегі – Байрағы болып есімде қалды.
Арада жыл өтіп 1987 жылдың жаз айында аталған білім ордасын аяқтап, қолыма дипломымды алдым. Содан Құлан ауданына қарасты Калинин орта мектебіне физика пәні мұғалімі болып орналастым. Кейін 1990 жылы Жамбыл ауданының Шайдана ауылына тұрмысқа шығып, бүгінде үш ұлдың анасы, үш немеренің әжесі атанып отырмын. Сондай-ақ Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектепте физика пәні мұғалімі болып 35 жылдай еңбек етіп келемін.
Раушан АЙТЫМБЕТОВА,
Желтоқсан оқиғасына қатысушы.