Жаңа Конституцияда қос палаталы Парламенттің бекітілуі асығыс шешім қабылдаудан қорғайтын мемлекеттік басқару жүйесін тұрақтандырудың маңызды тетігі болды. Бірінші шақырылымдағы Парламентке сайлау 1995 жылғы желтоқсанда өткені белгілі.
Екі палаталы модель тежемелік және тепе-теңдік жүйесі арқылы теңгерімділікті қамтамасыз етіп, билік дағдарысы мәселесін күн тәртібінен алып тастады. Сондай-ақ ұлттық және өңірлік мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етті. Сенат мемлекеттік бағыттың стратегиялық тұрақтылығына және орталықта өңірлер өкілдерінің болуына, Мәжіліс – саяси бәсекелестік пен қоғамның пікіріне ден қоюға жағдай жасады. Нәтижесінде, теңгерімді қос палаталы Парламент саяси тұрақтылыққа, қоғамдық диалог пен келісімге тірек бола отырып, елдің 1990 жылдардағы дағдарыстан шығуына қажетті құқықтық негізді қалыптастырды.
Отыз жыл ішінде Парламентте пысықталып, 3 400-ден астам заң қабылданды. Олар қоғам өмірінің экономика және қаржы, сот және банк жүйесі, әлеуметтік сала, ішкі саясат, өңірлерді дамыту, ғылым мен мәдениет, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты барлық негізгі секторды қамтыды. Сыртқы байланыстарды нығайту бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілді: 1 400-ден астам ратификацияланған халықаралық келісім Қазақстанның әлемдік құқықтық және экономикалық жүйеге интеграциялануын қамтамасыз етіп, оның жауапты әрі қауқарлы серіктес ретіндегі мәртебесін бекіте түсті.
Өткен 30 жылда Парламент өзін басқару жүйесінің тұрақтылығын, алдағы бағыт-бағдардың болжамын және қолданыстағы тәртіптің сақталуын қамтамасыз ете алатын біріктіруші күш ретінде көрсете білді.
Парламенттің жоғары палатасы мемлекеттік билік жүйесіндегі тұрақтандырушы институт рөлін атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Сенат маңызды үш міндетті шешуге баса мән берді.
Бірінші – саяси жүйенің эволюциялық жолмен дамуына кепіл болу. Тәуелсіздік қалыптасып келе жатқан қиын-қыстау жылдарда, экономикалық модель күрт құбылып, институттар түбегейлі өзгеріске ұшыраған кезеңде Сенат бағдарды берік ұстанған, демократия, нарықтық экономика және құқықтық мемлекет жолынан ауытқуға жол бермеген негізгі күштердің бірі болды.
Екінші – заң шығару процесінің үздіксіз жүргізілуі және оның қарқынды реформалар жағдайындағы сапасы. Мәжіліс таратылған немесе қайта сайланған кезеңдерде Сенат Парламенттің функцияларын өзіне алып, кейінге қалдыруға болмайтын заңдарды қабылдады. Мысалы, 2007 жылдың жазында, Мәжіліс болмаған кезеңде Сенат мемлекеттің кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, ондаған маңызды заң қабылдады. 2023 жылдың көктемінде, Мәжіліске кезектен тыс сайлау өткізу кезінде де дәл солай болды.
Үшінші – өңірлер палатасының рөлі. Сенат құрамына барлық облыстың, Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері бірдей енген. Бұл елдегі жағдайдың «орташа температурасын» ескеріп қана қоймай, ауылдардың, аудандардың, шекара маңындағы елді мекендердің, индустриялық орталықтардың заң шығару процесіндегі және республикалық бюджетті қалыптастырудағы нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік береді.
Сол арқылы өңірлердің мүдделері ескерілетін тұтас инфрақұрылым қалыптасты: Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, «Өңір» депутаттық тобы, сенаторлардың өңірлерге тұрақты сапарлары, халықпен және жергілікті депутаттармен кездесулер. Осы механизмдер арқылы Сенат заңдардың орындалуын бақылаумен ғана шектелген жоқ. Ол өңірлердегі азаматтарды алаңдатқан мәселелерге назар аударып, олардың үніне құлақ асты. Кейін оның бәрін заң шығару қызметінде ескерді және анағұрлым теңгерімді өңірлік саясат қалыптастыруға ықпал етті.
Өңірлермен қатар жоғары палатада Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де бар. ҚХА квотасы арқылы Сенат этникалық топтар арасындағы келісім мәселелерін бақылауда ұстап келеді.
Әрине, жоғары палатаның қызметі үш негізгі бағытпен шектелмейді. Осы жылдар ішінде Сенат мемлекеттегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар қалыптастыратын зияткерлік орталыққа айналды деуге толық негіз бар. Сенат жанында бірнеше сараптамалық платформалар, нақты айтқанда, Сарапшылар клубы, Сенаторлар кеңесі, Инклюзия жөніндегі кеңес, «Ұлттық мүдде» диалог алаңы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл сараптамалық форматтар тұйық шеңберде емес, керісінше, кері байланыс арқылы жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, қоғамның сұранысы, кәсіби бағалау, өңірлік проблемалар ақпараттық кеңістікте қалып қоймай, заңдарда, түзетулерде, парламенттік ұсынымдарда айқын көрініс тапты.
Сонымен қатар Сенат Орнықты даму мақсаттарының күн тәртібіндегі негізгі драйверлерінің біріне айналды. Бүгінде қос палатаның өкілдерінен құралған ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия орнықты дамуды ұлттық қауіпсіздік пен өмір сапасының іргетасы ретінде қарастыратын алаң ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді.
Қазақстан Парламентінің Сенаты дінаралық және мәдениетаралық диалогтың бірегей жаһандық алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу ісінде де шешуші рөл атқаруды жалғастырып келеді. Бүгінде Съезд діндер диалогы, бейбітшілік құндылықтарын және адамзат бірлігін жаңа деңгейге шығару арқылы халықаралық «рухани дипломатия» институттарының бірі ретінде танылып, мойындалды.
Осы орайда ең басты байлығымыз – адам капиталына жеке тоқталып өтуді жөн көріп отырмын.
Ромул заманынан бері Рим дәстүріндегі Сенат рухани және саяси ықпалға ие парасатты азаматтардың кеңесі болды. Бұл дәстүр Қазақстан Парламентінің Сенатында да қалыптасты деуге әбден болады. Жоғары палатаның төреші, байсалдылық пен тепе-теңдік институты ретіндегі рөлі сенаторларымыздың беделі мен өмірлік тәжірибесінің арқасында қамтамасыз етілді. Сондықтан Сенат тарихы – оған адами өлшем мен моральдық бедел берген адамдардың тарихы.
Әрине, бұл ретте Сенатты заң шығарудың жоғары дәрежедегі кәсіби және ықпалды орталығына айналдырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімін бірінші кезекте атап өтеміз. Сол кезеңде жоғары палата ауқымды реформаларды үнемі қолдап отырды, өз беделімен билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етті. БҰҰ, ЕҚЫҰ, Парламентаралық ассамблеялар алаңдарында Қазақстанның атынан өкілдік ете отырып, парламентаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты.
Халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері, ұлттық жаңғырудың жаршысы, сенаторлар арасында орны бөлек тұлға – Әбіш Кекілбаев. Оның қазақ тілінің жоғары мәртебесіне, халықтың мәдени мұрасына, Тәуелсіздіктің рухани негіздеріне қатысты батыл ұстанымы парламенттік талқылаулардың мазмұнын биік деңгейге көтерді.
Сенаттың қалыптасуына оның бірінші төрағасы Өмірбек Байгелдінің де сіңірген еңбегі зор. Ол парламентаризм енді аяққа нық тұрып келе жатқан шақта жоғары палатаны нарыққа, құқықтық мемлекетке және жаңа саяси мәдениетке ақылмен көшуді қамтамасыз еткен жасампаз алаңға айналдыра білді. Ол сот жүйесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтық қоғам институттары туралы маңызды заңнамаға айтарлықтай үлес қосты.
Оралбай Әбдікәрімов – заманауи парламентаризм тарихындағы негізгі тұлғалардың бірі. Ол Сенатты ауқымды қайта құрылымдау кезінде басқарып, реформаларды нормативтік тұрғыдан сапалы сүйемелдеуді, соның ішінде сот, қаржы және әлеуметтік салаларда жүйелі заңдардың қабылдануын ұйымдастыра білді. Оның қатысуымен елдің одан әрі дамуын айқындайтын іргелі заңнамалық база қалыптасты.
Қуаныш Сұлтанов – жоғары палатада кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсеткен тұлға. Ол қызметте академиялық мектептің саяси терең пайымдауын адамдық көркем келбетімен үйлестіре білді. Сенатта жұмыс істей жүріп Қуаныш Сұлтанұлы негізгі комитеттерді, оның ішінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды. Сол кезеңде мықты саяси тұлғаларды бір комитетке жинап, олардың үйлесімді, кәсіби жұмысын қамтамасыз еткен қайраткер.
Қазақстандағы ірі ойшылдардың бірі болған, қазақстандық диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған, ҚР Ғылым академиясының вице-президенті, қоғам қайраткері және ғалымдардың бірнеше буынын тәрбиелеген тәлімгер – Жабайхан Әбділдин де Сенаттағы зиялылық символына айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрғандардың қатарында Зинаида Леонтьевна Федотованың есімін ерекше атауға болады. Ол мемлекеттілікті қалыптастырудың маңызды жылдарында Сенаттың Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы болды.
Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Қазақстан сенаторлары өз тәжірибесімен, кәсібилігімен және парасат-пайымымен еліміздің дамып, нығаюына орасан зор үлес қосты. Олар өздерінің қажыр-қайратының арқасында жоғары палатаны мемлекеттің орнықтылығы мен дәстүрлер сабақтастығының басты факторына айналдырды.
Қазақстанның жаңарған саяси келбетінде Сенат саяси тепе-теңдіктің беделді тетігі, өңірлердің мүддесін қорғайтын орталық билік институты және зияткерлік сараптамалық орта болып қалып отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Сенат елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте құрылды, ол мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша тарихи миссияны отыз жылда абыроймен атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болды.