Тұмау және оның алдын алу жолдары
Күз және қыс мезгілдерінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар кеңінен таралады. Осы кезеңде халық денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларын сақтау ерекше маңызды. Қарапайым сақтық ережелерін орындау аурудың таралуын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Вакцинация – ең тиімді қорғаныс тәсілі.
Тұмауға қарсы вакцина жыл сайын жаңартылып, вирустың жаңа түрлерінен қорғануға көмектеседі. Уақтылы екпе алған адамдарда ауру жеңіл түрде өтеді немесе мүлде ауырмайды. Вакцинация әсіресе балаларға, қарт адамдарға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар азаматтарға ұсынылады.
Жеке гигиенаны сақтау:
- Қолды сабындап жиі жуу немесе антисептик қолдану;
- Бетке, мұрын мен ауызға лас қолмен тигізбеу;
- Түшкіргенде және жөтелгенде бір реттік орамалды немесе шынтақ иінін пайдалану;
- Қол орамалды жиі ауыстырып, таза ұстау.
Адам көп жиналатын орындардан аулақ болу.
Эпидемиялық маусымда сауда орындарында, қоғамдық көлікте және жабық кеңістіктерде ұзақ уақыт болмау ұсынылады. Қажет болған жағдайда медициналық бетперде тағу керек.
Иммунитетті күшейту.
Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану, дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну, таза ауада серуендеу, жеткілікті ұйқы және тұрақты дене белсенділігі ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады.
Ауру белгілері байқалғанда дәрігерге қаралу.
Тұмаудың алғашқы белгілері — дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, тамақтың ауыруы байқалған жағдайда өз бетімен емделмей, міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет. Бұл өз денсаулығыңызды ғана емес, айналаңыздағы адамдардың саулығын сақтауға да көмектеседі.
Тұмау — жай суық тию емес. Ол асқынған жағдайда ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Жамбыл облысы
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
Ғ. Әбділда