Бүгінде аудан жастары білімімен де, өнерімен де көзге көрініп, биік белестерді бағындыруда. Әсіресе, соңғы кездері спортта жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтып жеткізуге болады. Салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, байрақты бәсекелерде ауданның намысын абыроймен қорғау, мерейін үстем ету нағыз ерлерге тән іс.
Таяуда редакциямызға №12 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұржан Қазбеков өзімен бірге екі жігітті ерте келіпті. Хал-жағдай сұраса келе, әлгі екі жігіттің өзінің жаттықтырып жүрген оғландары екенін білдік. Сабыр Қалдыбаев жуырда жастар арасында жауынгерлік самбодан өткен ел біріншілігінде 79 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, алтыннан алқа тағынып қайтыпты. Ал, Мұхаммедали Жұмабай таяуда Тараз қаласында жастар арасында ережесіз жекпе-жек бойынша өткізілген облыс біріншілігінде топ жарған екен.
Дүбірлі додаларда атой салып келген екі спортшымыздың да аяқ алысы жаман емес. Оларға бапкерінің көңілі толып отыр. Қос спортшының ендігі мақсаты – халықаралық аренада бақ сынау. Сол үшін де еңбектеніп, тер төкпек. Талаптыға нұр жауады десек, оғландарымыздың алар асуы әлі алда.
Ильяс Қалыбеков