Қолөнер – ұлттық тәрбие бастауы

Жуырда аудандық орталық кітапхана жанынан құрылған «Халық өнері – асыл қазына» қолөнер шеберлері клубы мен аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға арналған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында «Ұлттық өнерді ұлықтаған ісмер» тақырыбында өнеге кешін ұйымдастырды.

Кеште клуб мүшесі Шолпан Қарғабаева жергілікті жастарға ұлттық өнерді қастерлеу, дәстүрді сақтау туралы кеңінен әңгімелеп, олардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырды.
Шара барысында аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Құралай Асхатаева «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» тақырыбында баяндама жасап, шеберлердің қолөнер бұйымдары бүгінде де өз маңыздылығын жоғалтпай, халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін айтты.
Өз кезегінде кеш қонағы, қолөнер шебері Шолпан Жүсіпқызы рухани жаңғыру, қазақстандық мәдениет, қазақтың қолөнерін дамыту жайлы ой-пікірін ортаға салды. «Қолөнер – ұлттық тәрбие бастауы. Қазақ қоғамының айнасы. Мен өзім осы ерекше, құнды, мәнді, керемет өнердің арқасында жасарып, күш алып, қуаттанып, шығармашылығымды жалғастырудамын. Жастарға айтарым, бұл шығармашылық адамды емдейді. Қазақстандық мәдениетті паш етуде ұлттық брендіміз қазақы қолөнерге барынша басымдық берілгені жөн деп ойлаймын. Өйткені, қолөнер – төрткүл дүниеге танылудың жолы», – деді ол өз сөзінде.
Өнеге кешінде «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты кітап көрмесі, «Қолөнер – мол өнер» қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Дәстүрлі қолөнерді дәріптеу» слайды жастардың назарына ұсынылды.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.