Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ауданға қарасты ауылдық округтерде өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалін бірлігі бекем Аса ауылдық округінде түйінделді. Ынтымағы жарасқан елді мекенде де мерекелік шара М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға жергілікті мекеме-ұйым қызметкерлері, ауыл жастары тартылып, қызықты өтуіне біркісідей атсалысты. Оларды қолдауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ұйымдастырушылар да, өнерпаздар да, көрермендер де ұлттық киіммен жүріп, қазақилықты дәріптеді. Бұл – ауыл жұртының ұлттық құндылықтарға деген шынайы құрметінің белгісі. Ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетов шараның жоғары дәрежеде өтуіне күш жұмсағанын айтса, ұршық иіріп, жүн сабаған, күбі пісіп, әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттаған әжелер, асық ату, теңге ілу, аударыспақ, арқан тарту, қол күрес, тоғызқұмалақ ойындары шараның маңызын аша түсті.
Фестиваль аясында ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру көзделген еді. Осы мақсатта ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Сонымен қатар Алаш арыстары, қазақтың белгілі ақын-жазушылары, еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері бейнеленген сурет, сондай-ақ кітап көрмелері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, және бірқатар бөлім, мекеме басшылары арнайы келіп тамашалады.
Ақ жаулықты әжелер келіндерімен бірге көңге нан пісіріп, диірмен тартып, құрт жасап, қазақ әйелінің тірлігін көпке үлгі етті.
Бүгінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының тәлім-тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, өскелең ұрпақ ата-бабаларымыздың мирас етіп қалдырған құндылықтарды білуі, көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Бұндайда оларға аға буын жол сілтеуші екені белгілі. Мекеме-ұйым қызметкерлерінің салт-дәстүрлерді сахналап, көрініс көрсетуі көпшілік, оның ішінде жастардың арасында өзімізге тән дәстүрлердің кеңінен насихатталуына септігін тигізді.
Мерекеге сай безендірілген сахнада ауыл өнерпаздары жұлдыздай жарқырады. Олар Тәуелсіздік, Отан, ауыл жайлы жырлап, әуезді әндерін әуелетті. Өнерлі өрендер домбырамен күй тартып, терме орындап, баянда ойнады. Бұрымдылар ұлттық және өзге де түрлі заманауи билерді биледі. Балдырғандар да өнерімен тамсандырды. Бір сөзбен айтқанда, концерттік бағдарлама көрерменнің көңілінен шықты, ыстық ықыласы қошеметінен білінді.
Айтулы шара жергілікті жұртшылық үшін мерекелік тарту болды. Ауыл тұрғындарының туған өлкеге деген сүйіспеншілігі артып, танымы кеңейді. Барлығы да ауыл тойында жүргендей сезініп, көтеріңкі көңіл-күйде бір-біріне жылы лебіздерін жеткізіп, ілтипатын білдіріп жатты. Ұйымдастырушылар мен өнерпаздар көптің алғысына бөленді.
Ильяс Қалыбеков
Жамбыл ауданы