Пленарлық отырысқа дейін Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракциялары жетекшілерінің алдында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын талқылауға ұсынды,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Фракциялар жетекшілері Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдірді.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясының 44 бабына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлының кандидатурасын ұсынды.
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынамын. Ол тәжірибелі маман, еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзінде жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Президент.
Саяси партиялардың фракция жетекшілері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдіріп, сөз сөйледі.
Талқылаулардан кейін дауыс беріліп, Мәжіліс Президенттің Әлихан Смайыловты Үкімет басшысы лауазымына тағайындау жөніндегі ұсынысына келісім берді.
Пленарлық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты Премьер-Министр лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Президент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қаматамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында қайғылы күндері бірлік танытқан қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдірді.
– Жуық арада болған қайғылы оқиғалар кезіндегі экстремистермен күресте азаматтарымыздың көпшілігі патриоттық танытты. Халықтың бірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егеменді дамуы идеясына деген шынайы сенімі – еліміздің дамуы мен қоғам болып ұйысуының мықты іргетасы. Біз барлық қиындықты бірлесе еңсереміз. Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.