Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, осы жылды Балалар жылы деп жариялады. Тәуелсіз ел болғалы балаларға арнайы ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы.
Қазақ «Балалық шағы – патша тағы», «Ашамай нардан үлкен болса, бала ханнан үлкен» деп бекер айтпаса керек. Өйткені «бала деген базарымыз, қай баладан ашылар ажарымыз» деген халықтың отбасылық институтында үй иесі – ұл туса күнге, төр иесі – қыз туса айға балайтыны белгілі.
Кейде қазанның қайнағанынан баланың ойнағанын артық көретін балажан ел, сірә қазақтай-ақ болар. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, тәрбие-тәлімге үңіліп көрсеңіз, балаға қатысты емесі кемде-кем. Содан да өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағу – бабалардан жалғасып келе жатқан зор бақыт. Жаман болса да ұрпақ қалсын, өз орнында оты жансын дейтін халықпыз. Әрине, әркімге өз баласы – алдияр.
Еліміздің өркендеуі, дамуы, болашағы қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелі, жан-жақты білімді болуына байланысты. Кейбір ата-аналар жұмыстан шаршап келгенін сылтауратып, баласының тәрбиесіне жарты сағат көңіл аударуға уақыт бөле алмайды. Осыдан үлкен қателік туады. Баланың күнделікті өмірінде бір әрекетін ата-ана ескерусіз қалдырмағаны жөн. Жақсы нәрсесін мақтап, білмегенін айтып түсіндіріп, үйретіп отыру көп жетістікке қол жеткізеді. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады.
«Ағаштың түзу өсіп, тереңге тамыр жаюы бағбанынан» дейтін қазақ халқы тәрбиенің төркінін баланың жас кезімен байланыстырады. Оның өз-өзіне деген сенімділігі, қайсарлығы мен парасаттылығы, қиын кезеңде шешім табуға бейімділігі, шыншылдығы мен турашылдығы ұшқан ұясында қалыптасуы шарт. Кез келген қиындыққа төтеп бере алуы, сыртқы қысымнан сақтануы үшін оның бойында ересектердің сіңірген білімі жеткілікті болуы керек. Бала ата-анасының оған үнемі қорған бола алатын сенімді жан екенін біліп өскені абзал.
Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді қоғам болып, ең бастысы ата-аналар қолға алса, болашағымыз жарқын болады. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ етіп тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет. Бала лайықты тәрбие алсын, ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін. Дәл осы жыл балаларға қатысты мемлекеттің батыл қимылдары тиімді жүзеге асатын берекелі жыл болсын деп тілейік.
Роза Сатова,
«Аса аялы алақаны» қайырымдылық қорының хатшысы.