Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

«Ең әдемі киім – ұлттық киім» деген екен ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш елден кем емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағалаған.
«Заттың құны жылтырында емес, сапасында» демекші, қазақ халқының ұлттық киімдері тек табиғи таза материалдардан, аң терілерінен, жүннен, киізден, былғарыдан және матадан тігілген. Жалпы, қазақ халқының қолөнері – көне заманмен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазына. Оның басты салаларының бірі – киім тігу. Қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғайланған сан алуан әшекейлерімен, ою-өрнектерімен ерекшеленеді.
Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан бірталай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мысалы, мектеп оқушылары, студенттер және мемлекеттік қызметшілердің костюмдері мен галстуктарына қазақтың ұлттық элементтерін салып күнделікті жұмысқа кисе несі айып?! Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн.
Қазіргі уақытта ұлттық киімдер қолжетімді, сән үйлері де ұлттық нақышта киімдер тігіп, кейбірі қарапайым тұрмыста киілетін сәнді бұйымдарға айналдырып үлгерді. Сол секілді біздің «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығында» балаларға арналған «Киім үлгілеу және заманауи дизайн» үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Олар өздеріне, жақындарына күнделікті киетін киім үлгілерін тігіп үйренді. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық киіміне ерекше ықылас танытуда.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады», – деген болатын. Еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Ақторғын Рысбекова,
«Киім үлгілеу және заманауи дизайн» үйірмесінің жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.