Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен танысты.
Жұмыс сапары «Балауса» (14) шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңынан басталды. Мұнда «Тараз-Ісмер» ЖШС жүргізіп жатқан тұрғын үй құрылысының сапасы бағаланып, мердігер мекемеге құрылыс қарқынын төмендетпей, нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау тапсырылды. Бұл жұмыстар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы 14-шағынауданда 145 тұрғын үйдің, екі мектептің, үш балабақшаның, облыстық онкологиялық диспансердің, көпсалалы аурухананың, бейінді емхананың, лицей-интернаттың, салтанат сарайының, инновациялық шығармашылық орталығының, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мен кәсіпкерлік нысандарының құрылысы жоспарланған.