Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі отырысының негізгі тақырыптарына айналды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында бизнестің, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандық өндірісті дамытуға қажет жүйелі өзгерістерді талқылады.
Отырысты ашқан Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңда бекітілген қағидаттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы экономикада нақты көрініс табуы тиіс. Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайызға өсіп, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2 пайыздан 13 пайызға дейін артты. Келесі кезеңнің міндеті – үстінен қосылатын құны жоғары өнім өндіретін өндірістерді дамыту. «Қосылған құн – XXI ғасырдың жаңа мұнайы. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіп туралы әңгіме – Қазақстанның экономикалық дербестігі туралы әңгіме деген сөз. Интеллектіні, технологияны және дайын өнімді экспорттайтын мемлекет әрдайым өз болашағын өзі айқындау ісінде әлдеқайда көп мүмкіндікке ие», — деді Айбек Дәдебай. Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Іскерлік кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл жүйе отандық өндірісті дамыту ісін ынталандыруы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өнім өндірісін жолға қою деген сөз.