Қазіргі таңда әлем елдері экономиканы дамытуда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға басымдық беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі энергетикадан жаңартылатын қуат көздеріне кезең-кезеңімен көшу – Қазақстан үшін де стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Бұл тек электр энергиясын өндірудің баламалы тәсілі ғана емес, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Президент айқындаған «жасыл» экономика қағидаттары еліміздің тұрақты дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде жел, күн және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, табиғи ресурстарды сақтауға негізделген жаңа өндірістер қалыптасып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылдық округінде жүзеге асырылды.
Тау шатқалында орналасқан «Қарақыстақ» су электр стансасы өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін игерудің жарқын үлгісіне айналды.