Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатты кеңінен дәріптеу және ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы көрсеткіштері туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың басшылығымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі жергілікті орган басшылары баспасөз алаңында атқарылған жұмыстары туралы тікелей эфирдің кестесін әзірлеген болатын. Өңірдегі 27 басшыдан құрылған кестенің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғабит Әбділдә ашып, аудандағы коронавирус індетінің ахуалы және алдын алу шаралары бойынша Жамбыл ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі facebook парақшасында тікелей эфир өткізіп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалға толымды жауап берді.
Баспасөз алаңында сөз алған Олжас Елебекұлы аты жаман індеттің таралуы, екпе егу шаралары туралы айтты.
– Әлемхалықтарын алаңдатып отырған коронавирус індеті қылаң бергеніне 2 жылға жуықтады. Өңірде ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 205 азаматтан ПЦР тест оң нәтиже көрсетіп отыр. Оның 97-сі симптомды, 102 науқас симптомсыз. Аурушаңдықтың жоғары деңгейі Полатқосшы, Жамбыл, Аса, Қаратөбе, Қарой, Ақбұлым, Айшабибі, Бесағаш, Қарасу, Қызылқайнар, Гродеково, Қарасу ауылдық округтерінде тіркелді. Ал пневмонияның 8 жағдайы орын алды. Дәрі дәрмектің 3 айлық қоры бар.
Екпе егу шаралары туралы айтар болсақ, коронавирус дертіне қарсы 39104 азамат вакцинаның бірінші компонентін, 37877 адам екінші компонентті қабылдаса, ревакцинациялаудан 9416 тұрғын өткен. Ал 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, жасы 60-тан асқан азаматтарға салынатын «Pfizer» вакцинасының өңірге 9480 дозасы жеткізілсе, оның бірінші компонентін 5777 адам, екінші компонентті 2996 азамат салдырған. Екпе егу жұмыстары елді мекендердегі медициналық пунктерде жүргізілуде.
Жұқпалы аурудың дендеуіне тосқауыл қою мақсатында 2021 жылы 281 рейд жүргізіліп, 802 нысан қамтылса, ағымдағы жылы 13 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 27 нысан тексерілді. Зерделеу барысында кәсіпкерлік нысан иелеріне бетпердесіз тұтынушыны қабылдамау, антисептиктік сұйықтықтың болуы, ара-қашықтықтың сақталуы және індетке қарсы вакцина қабылдау қажеттігі түсіндірілуде. Барлық аудан азаматына сақтық шараларын қатаң сақтауға, отбасы мүшелерінің өмірін қатерге тікпеуге, індет белгілері байқалса, жедел дәрігерге жүгінуге, вирусқа қарсы екпе ектіруге шақырамын, – деді ол өз сөзінде.
Өз кезегінде сөз алған Ғабит Әлімұлы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылдың 2 қыркүйегіндегі №38 қаулысына еңгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде тарқата түсіндіріп өтті.
Әлеуметтік желі оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға басшылар ауызша және жазбаша жауап берді.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі