Тұрғындардың өтініші мерзімінде қаралуы тиіс

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов жергілікті әкімдіктер, прокуратура және полиция өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесу өткізді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов ашып, жүргізген жиынның күн тәртібіндегі қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша азаматтардың өтініштерін номенклатуралық іске негізсіз жолдау, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарастыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Басқосуда Қордай ауданы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықты қадағалау жөніндегі аға прокурор Қуанышбек Жарықбасов полиция бөлімдерімен қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша азаматтардың өтініштерін номенклатуралық іске негізсіз жолдау турасында, басқарманың азаматтық және әкімшілік салаларындағы құқықтық ақпараттарды қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев жергілікті атқарушы органдармен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің уақтылы және сапалы қаралуы жайында хабарлама жасады.
Алқалы жиынды қорытындылаған Дәурен Қуатбекұлы тұрғындарға арыз-өтініштер жазбаша берілуі керектігін, оған уақтылы жауап берілмеген жағдайда сотқа жүгіне алатындарын жеткізді.
Келелі кездесуден кейін басқарманың азаматтық және әкімшілік салаларындағы құқықтық ақпараттарды қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандардың қатысуымен жиын өткізіп, былтыр жергілікті тұрғындардан түскен өтініштердің қаралуы жайлы кеңінен баяндады. Өткен жылы Президент Әкімшілігіне жамбылдықтардан бес өтініш түскенін, өтініштердің басым бөлігі жер және жерді пайдалануға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметіне, ауыл шаруашылығына қатысты екенін, Қаратөбе, Қаракемер, Аса, Көлқайнар, Гродиково ауылдық округтерінің тұрғындары тарапынан түскен кейбір өтініштер мерзімінде қаралмағанын, рәсімдеу, қарау мерзімін ұзарту, шешім шығару заңға сәйкес жүргізілмегенін айтып, жауаптылардан кеткен кемшіліктердің себебін сұрап білді. Жауапты мамандардың азаматтардың өтініштерін мерзімінде қа­рауын, жауап беруін округ әкімдері күнделікті қадағалап отыруы керек екенін алға тартты. Ұзатылған жылдың маусым айында қолданысқа енгізілген ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізіп, мамандардың қойған сұрақ­тарына заң шеңберінде нақты жауап берді.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.