«Серпін» Қарағандыға шақырады

Жуырда Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Зоология» кафедрасының оқытушысы Назира Жүзбаева мен аға оқытушы Әділет Жағыпар келіп, түлектерді «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқу орнына құжат тапсыруға шақырды.

Жиында «Жастар ресурстық орталы­ғының» бөлім басшысы Фархад Балажанов та бағдарламаның оң тұстарын айтып өтті.
«Серпін» бағдарламасы бойынша сұрақ­тарға алдымен Назира Мәткерімқызы:
– Қазақстандағы белді жоғары оқу орнының бірі – ҚарМУ студенттердің заманауи білім алуына жан-жақты мүмкіндіктер береді. Университетте 12 оқу ғимараты, ғылыми кітапхана, «Интернет» телекоммуникациялық орталығы, медиатека, баспахана және тағы да басқа кабинеттер бар. Бәрінен бұрын, студенттер үйі (жатақхана) заман талабына сай жабдықталған, – деді.
Одан кейін Әділет Бауыржанұлы сөз алып, университетте оқудың артықшылығын, білімгерлерге жасалған жағдайлар жайында баяндады.
Негізі, «Серпін-2050» жаңа білім беру бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге және елімізді қажетті маманмен қамтамасыз етуге бағытталған. Тағы бір артықшылығы, бағдарлама аясында оқып жатқан студенттерге магистратура мен докторантурада білімін жалғастыру мүмкіндігі көп.
Бағдарлама 2014 жылдан бастап жүзеге асуда. Оның мақсаты – халқы тығыз орналасқан аймақтардағы (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.
– Аудандық білім бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен өткізілген шараға ауданның 11-сынып оқушылары қатысты. Жастар «Серпін» бағдарламасына байланысты мағлұматтарды біліп, жоғары оқу орындарын бағдарлағаны анық. Кездесу сонысымен құнды дер едім, – деді Фархад Ғалымжанұлы.
Айта кететіні, былтыр бағдарлама бойынша 8 жамбылдық түлек грант иегері атанды. Бағдарламаның артықшылығы көп. Оқуға барып-қайту жолақысы мен жатақхана мәселесі де шешілген. Ең бастысы, оқуды тәмамдаған жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте бұл мүмкіндікті жоғарыда аталған өңірлердің биылғы ҰБТ-ға қатысып, әртүрлі деңгейде балл жинаған бітіруші түлектері, сонымен қатар кешенді тестілеуден өткен колледж түлектері және мектепті бұрынырақта бітірген жастар да толығымен пайдалана алады.
Кездесуге келген оқушылар «Серпін» бағдарламасы жайлы ақпараттарға қаны­ғып, өздерінің мұраттарын айқындады. Солардың бірі – №3 орта мектептің 11-сынып оқушысы Тимур Бақытжан.
– Мен «Серпін» бағдарламасы аясында оқығым келеді. Себебі, қазіргі уақытта бітіруші түлектердің көбісі заңгер, қаржыгер сияқты мамандықты таңдайды. Онда грантқа түсу мүмкіндігі аз. Жұмыс та табыла қоймайды. Қазіргі нарықта аспазшы, қонақжай қызметі, дәнекерлеуші деген сияқты мамандықтарға сұраныс көп. Сондықтан техникалық мамандықтың бірін таңдаймын, – деді ол.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.