Жамбыл ауданындағы ауылдарда 10 мың адамға дастархан жайылуда
Жер-жерде жарықтың жеті реңіне, дыбыстың жеті. ырғағына, жеті қат жерге, жеті қат көкке, жеті күнге балаған жеті дәмнен көже жасап, Жаратушыдан шын жақсылықты күтетін Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесі кеше аудан орталығында аталып өтілсе, бүгін жоспарға сәйкес, Жамбыл ауданының 17 ауылдық округінде Наурыз мерекесін тойлау басталды.
Солардың бірі — Полатқосшы ауылдық округіне қарасты Жалпақтөбе ауылы. Ауыл әкімі Ержан Данаевтың айтуынша, 700-ге жуық тұрғынға жаңа жыл мерекесіне арнайы шақырту қағаздары таратылып, ақ дастархан ауылдағы Мәдениет үйінің алаңына жайылды. Мәдениет ошағында әуезді әуендер қойылып, ұлттық ойындар назарға ұсынылмақ.
Халықтың қастерлі мерекесіне аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы қатысып, жалпақтөбеліктерді ұлық мерекемен құттықтады.
Ұлттық нақыштағы құндылықтарды аралап, ауылдықтармен көрісіп, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жалпы кеше 2000-ға жуық өңір тұрғындарына дастархан жайылып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелсе, сол үрдіс барлық ауылдық округте ұйымдастырылмақ.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовтың мәліметіне сүйенсек, ауылдық округтерде өтетеін әз Наурыз мерекесіне орта есеппен 10000 тұрғын шақырылады.
Көктемдей көңіл сыйлау мақсатында бастау алатын шараның мән-мағынасы ерекше. Бір айта кетерлігі, мерекелік жиынға келушілердің қатары расымен көп.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі