Табиғат өзінің жасыл желегімен көрікті көрінсе, әлем күннің нұрымен әсемделеді. Ал күйбең тіршіліктегі ең керемет көрініс – өзгенің ажарына күлкі үйіру екен.
Бесағаш ауылдық округінен сайланған мәслихат депутаты жоғарыдағы теңеуіміздің соңғы нұсқасын желеу еткен.
Өткен жылы Бесағаш ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жаңартып берген Дәурен Ахметжаев бүгін Түрксіб ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жасөспірімге арнайы барып, қолдау білдірді.
Анасының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға ұсынылатын техникалық көмекші құралына қол жеткізуі үшін кем дегенде бес жылдай кезегін күтуі қажет екен.
Дәурен Хайруллаұлы 9 жастағы жасөспірімге қажетті ортопедиялық коляскасын алып беріп, көмек көрсетіп, ана мен баланың ыстық ықыласына, алғыс-алқауына бөленді.
Айтпағымыз, дәл осындай қайырлы амал, жан жадыратар қайырымды істер өзге де азаматтардың ұстанымына айналса деген ой еді.
Жалған өмірдегі соңғы аялдамаға дүниеңді емес, жасаған амалыңмен ғана қалатынымызды ескеріп жүрсек екен.