ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА:АСА,ҚАРАКЕМЕР,АҚБАСТАУ

Жамбыл ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, аудан орталығындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде оқушылар арасында аудандық жайдарман бәсекесі өтті.

Алдымен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба мен М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің директоры Сарбиназ Қосанова оқушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.

Аталмыш сайыста 9 команда 2 кезең бойынша бақ сынады. Бірінші бөлім «Сәлемдесу» кезеңінде жастар өздерінің салмақты да салиқалы әзілдерімен өздерін таныстырып, көптің көңілін баурады. Екінші бөлім «жанбату» сайысында команда ойыншылары сахна төріне шығып, әзіл ойнау арқылы өзара тартысты. Оқушылар өздерінің дайындаған көріністерімен халықты қыран топан күлкіге бөледі. Ойын барысында әр топ өзінің жеңіске деген жігерлілігі мен тынымсыз ізденістерін, тыңғылықты дайындықтарын көрсетті.

Сайыс соңында әділқазы алқалары қойған ұпай сандарын есептей келе жүлделі үшінші орынды Ақбастау ауылдық округінің «Жақсы жағынан» командасы иеленді. Ал екінші орынды Қаркемер ауылдық округінің «Төле би орта мектебі» командасы қанжығасына байлады. Бірінші орынды және «Чемпион-2022» атағымен Аса ауылының «Балақайлар» командасы марапатталды.

Әділ қазы алқаларының шешімі бойынша үш командаға арнайы марапаттар ұсынылды. Жүлделі орын алған командаларға аудан әкімі атынан арнайы марапаттар және ұйымдастырушылардың тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Додаға түсіп, әдемі ойын өрнегін көрсеткен қатысушыларға әділ қазы мүшелері аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба, осы орталықтық бөлім басшысы Фархат Балажанов, аудандық мәдениет үйінің директорының орынбасары Сағи Мұздыбаев пен М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің директоры Сарбиназ Қосанова сәттілік тілеп, ыстық лебіздерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.